Қарағандылық ұлан Азия чемпионы атанды
Ақтауда самбо күресі мен океани шеберлері арасында Азия чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елінің спортшылары қатысты. Жалпы 400-ден астам спортшының арасынан Қарағандылық Ержан Қоңыров 64 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
– Жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Барлығына Алғысым шексіз. Жарыста ең мықты деген үш қарсыласым болды. Біреуі ақтаулық палуан болса, екеуі Өзбекстан спортшысы. Әрине, үлкен дода болғандықтан осалы келмейді мұнда. Жарыс жолында барынша тырыстым, – деді Ержан Қоныров.
Ержан Қоныровтың спортқа деген құлшынысы кішкентай кезінен басталған. Әкесі Қайыржан КСРО спортшылары арасында классиқалық күрестен спорт шебері. Әке жолын қуып жас палуан бүгінде өзі де жиырма жылын спортқа арнап, біршама жетістіктерке ие болды. Атап айтсақ, 2022 жылы Қазақстан шеберлері арасындагы самбодан алтын жүлде, 2023 жылы – ІІІ орын, 2024 жылы – І орын, 2023 жылы Азия чемпионатында – ІІ орын, 2024жылы – ІІІ орын, 2023 жылы өткен Әлем чемпионатында – ІІ орын, 2022 жылғы Қазақстан дзюдошы шары арасында чемпионатынан шеберлер арасында – ІІ орынды, 2023 жылы – ІІ орынды қанжығалаған. Міне, бүгін спортшының қоржыны қола жүлдемен де толықты. Спорттық дәрежеде – спорт шеберіне үміткер.
– Кішкентай кезден барлығымыз көріп өскен Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы өнері әлем алдында қазақ атын, еліміз Қазақстан атын асқақ еткен болатын. Соны көріп өзім олар сияқты әйгілі, баршаға үлгі боламын деп армандағанмын. Менің ұстанымым – қиындыққа берілмей тек алға ұмтылу. Әрбір ауыр сынақты мақсатыма жеткізетін мүмкіндік ретінде көру. Ия, шүкір, мүмкіндігіме орай аз да болсын жетістіктерім бар, – дейді спортшы.
Қазіргі кезде Ержан Қайыржанұлы Жезказған каласындағы ІІМ Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 аскери бөлімінің 8 жеке аткыштар ротасында маман – бақылаушы болып қызмет атқарады. Отбасында үш ұлы бар, үлкені – Ерназар 1 сыныпта оқиды. Әкесі секілді спортқа бейім. Қайсар 5-ке жаңа толды және үш жасар Қазбек балабақша тәрбиеленушісі. Әр ісіне тыңғылықты қарайтын әскери қызметші ұлдарын әрдайым жаттығуларына бірге алып, спорттық жетілуіне аса мән береді.
– Әрине, барлығына уақыт куә. Әкелік парызым балаларымды білімді етіп, елінің елеулі азаматы болуға барымды саламын, – дейді маман.
Ұлттық ұлан қатарына 2012 жылы шақырылған. Қатардағы Қоңыровтан басталған еңбек жолынан бері 12 жылдық еңбек өтілімі бар.
– Маған қолдау көрсеткен жандар көп. Барлығына алғысым шексіз. Соның ішінде ерекше айта кететіні Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының дене шыныктыру және спорт бөлімінің бастығы Мұхамет Амангелдиуұлы. Әрдайым сенім білдіріп, қолдауын аямаған полковник Сәтжан Абишев мырзаға рахмет, – дейді қатардағы Ержан Қоңыров.
Алияр ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚР Ұлттық ұланы Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметкері.