Қарағандылық кеншілерге Президенттің атынан мемлекеттік наградалар табысталды
Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бірнеше қарағандылық кеншілерге мемлекеттік наградалар табыс етті.

«Мемлекет басшысы жариялаған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шахтерлер мен кеншілер еңбегіне ерекше көңіл бөлінуде. Ғасырлар бойы бұл мамандық ең күрделі және маңызды мамандықтардың бірі болып отыр. Сіздердің табандылықтарыңыз бен төзімділіктеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз бен адалдықтарыңыз құрмет пен мақтауға лайық.
Еңбек адамын жан-жақты қолдау, өндірісте қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету – мемлекеттің басты басымдығы. Ол мақсатта еліміздегі шахталар өндірістік қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйелермен жарақтандырылуда. Пилотсыз техника, қашықтан басқару және жерасты радиобайланысы енгізілуде. Бұл жұмыстар жалғаса бермек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Көмір және тау-кен саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерге мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар табыс етілді. «Qarmet» АҚ Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның жерасты тау-кен жұмысшысы Сергей Краснощековке «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» құрметті атағы берілді.
Шахтерлер мен кеншілер Мемлекет басшысына жұмысшы мамандықтарына көңіл бөліп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
«Бүгін елімізде елеулі мереке болып жатыр. Осы Шахтер күнімен кеншілерді құттықтаймын. Менің бұл саладағы жалпы еңбек өтілім қырық жылға жуық. Кеншілердің жұмысы жемісті, қауіпсіз болсын деп тілеймін. Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін», — деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Қарағандытүстімет» ӨБ «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үнгітбаев.
Салтанатты жиында «Qarmet» АҚ басқарма мүшесі – басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сырым Семейбаевке, «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры Төлеген Шаяхметовке, «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасының электр слесары Бейбіт Жанайдаровқа, «Qarmet» АҚ Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның үңгілеушісі Александр Сорочкинге, «Шұбаркөл көмір» АҚ «Орталық» тау жұмыстары телімінің экскаватор машинисі Болат Қыдыралинге «Құрмет» ордені табысталды.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Қарағандытүстімет» ӨБ «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үнгітбаев, «Qarmet» АҚ Қарағанды көлік-жүк тиеу басқармасының тепловоз машинисі Александр Надежкин, «Qarmet» АҚ «Шахтинск» шахтасының үңгілеушісі Ержан Төребеков, «Qarmet» АҚ Қарағанды жүк тиеу-көлік басқармасының тепловоз машинисі Руслан Ілиясов марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі «Шұбаркөл Көмір» АҚ №1 автоколоннасының тау көлігі жүргізушісі Юрий Андронуцаға, «Шұбаркөл Премиум» АҚ №2 автоколоннасының жол-көлік машиналарының машинисі Игорь Поповке, «Qarmet» АҚ «Саран» шахтасының тау-кен жұмысшысы Александр Прокоповке, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – Қ.И. Сәтбаев атындағы «Балқаштүстімет» ӨБ «Саяқ-1» шахтасының V разрядты жарушысы Анатолий Путырскийге, «Өркен» ЖШС («Qarmet» АҚ) бас кеншісі Рашид Сәрсембаевқа, «Шұбаркөл Премиум» АҚ №2 автоколоннасының автомобиль жүргізушісі Дүйсембай Хаметовке табысталды.
Кеншілер қауымы тау-кен саласы, соның ішінде, көмір өндіру кәсібі өте үлкен оң өзгерістерге ұшырап жатқанын атап өтті.
«Мен Мемлекет басшысына, біздің компанияның басшылығына менің еңбегімді лайық бағалап, жоғары наградаға ұсынғаны үшін рахметімді айтамын. Бұл тек маған ғана емес, ұжымыма, әріптестеріме берілген баға деп білемін. Өзім көмір өнеркәсібінде 40 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Еңбек жолымды тау-кен шебері болып бастап, департамент директоры қызметіне дейін көтерілдім. Бұл мамандықты жастайымнан таңдадым, мектеп бітірген соң политехникалық институтқа оқуға түстім. Содан бергі аралықта, тау-кен саласы, соның ішінде, көмір өндіру кәсібі өте үлкен табыстарға қол жеткізді. Қайта жаңғырту жүріп жатыр, қауіпсіздік мәселелері, өндірістің қарқынын арттыру мәселелері шешімін табуда. Бұл өзгерістерде үлкен ұжымның ұшан-теңіз еңбегі жатыр. Осыған орай барша шахтерлерді бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ырыс-береке тілеймін», — дейді «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры Төлеген Шаяхметов.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ