Қарағандылық каратэшілер Польшада екі алтын жеңіп алды
Қарағандылық «Воин» клубының спортшылары Гродзиск-Мазовецкий (Польша) қаласында өткен WKB World Championship & World Cup U12 әлемдік додасында зор жетістікке жетті. Жарысқа түрлі стильдегі карате федерациясының атынан қатысқан жерлестеріміз Қазақстан құрамасының олжасын екі алтын медальмен толықтырды.

Ұлттық құрама сапына Қарағандыдан үш өкіл енді: жаттықтырушы Станислав Полудинский және оның шәкірттері Ерсұлтан Ахмет пен Әмір Таушиев. Чемпионат нәтижесі бойынша Ерсұлтан 12–13 жас санатында, 40 кг дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ал, Станислав Полудинский «+40 АБС» категориясында бірінші орынды жеңіп алды. Айта кетейік, Ерсұлтан – киокушинкай каратэден Азияның екі дүркін чемпионы және түрлі деңгейдегі турнирлердің бірнеше мәрте жүлдегері.

– Біз әлемдік аренада лайықты өнер көрсеттік. Ерсұлтан өте күрделі қарсыластармен жекпе-жекке шығып, жеті белдесуде де соңына дейін күресе білді. Алдыңғы жарыстарда жинаған тәжірибесіз мұндай биік нәтижеге жету қиын болар еді, – деді Станислав Полудинский.
Әмір Таушиев те чемпионат барысында табандылығы мен жауынгерлік рухын көрсетіп, шиеленісті кездесулерде белсенді күресті. Қосымша уақытта төрешілер шешімімен қарсыласқа жол бергенімен, оның өнері жоғары бағаланды.
Екі жас спортшы да бесінші сыныпта оқиды. Олар төрт жасынан бастап бірге түрлі стильдегі карате бойынша жаттығып келеді. Чемпионатқа дайындық өте қарқынды өтті – апта сайын он екіге дейін жаттығу жүргізілген.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



