Қарағандылық гимнасттар Германиядағы әлем кубогында топ жарды
Германияның Котбус қаласында өткен батут гимнастикасынан Әлем кубогының төртінші кезеңінде қазақстандық спортшылар Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков топ жарып, чемпион атанды.

Қарағандылық дуэт синхронды секіру сайысында 52,200 ұпай жинап, қарсыластарын артта қалдырды. Екінші орынға әлем чемпиондары – германиялық Кайо Локстерман мен Фабиан Фогель (52,050) жайғасса, үшінші орынды әлем және Еуропа чемпиондары – британдық Зак Перзаманос пен Кори Уолкс (51,530) иеленді.
Жеңімпаздарды жаттықтырушы Сергей Вертянкин дайындады.
Айта кетейік, Мұсабаев пен Тумаков үшін биылғы маусымда тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Ақпанда олар Әзірбайжанда өткен әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдеге ие болған еді.
Данил Мұсабаев – Қазақстан спортындағы жұлдыздардың бірі, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері әрі 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадаға қатысушы. Ал 18 жастағы Никита Тумаков үшін сол күміс – әлемдік деңгейдегі алғашқы медаль еді. Енді ол алтынды да қанжығасына байлады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА