Қарағандылық дизайнер – үздік үштікте
Қазақстандық спортшылар келесі жылы Париж қаласында өтетін төрт жылдықтың айтулы спорт додасы Олимпиада ойындарына қатысады. Онда алғаш рет еліміздің брейкданс және скейтбордшылар құрамасы бақ сынайды. Ал, олардың қандай киіммен шығатыны OLYMP URBAN халықаралық байқауында анықталды.
Халықаралық байқаудың қазылар алқасы көптеген киім үлгісінің арасынан ұлттық ерекшеліктерімізді, болмысымызды ескеріп, ең ыңғайлысын таңдаған. Мамандардың айтуынша, біздің бишілердің мүмкіндігі – жоғары. Қазақстандық спортшылар әлемнің барлық рейтингтік жарыстарында үздік ондыққа кіреді. Олардың әдемі киінуі одан да маңызды. Форма елдің тарихы мен салтынан, тұтас мінезінен хабар беріп тұруы керек. Сонымен қатар, бастысы спортшыларымыз трюктерді қиналмай жасауға, кедергісіз өнер көрсетуі тиіс.
Байқау тартысқа толы болыпты. Тіпті, басқа елдерден де үміткерлер келген. Бірақ қазақстандықтар оларды адал бәсекелестік жолымен финалға жеткізбеді. Фестивальдің қазылар алқасында туризм, дизайн, спорт саласының үздіктері болды.
Байқау барысында брейкданс және скейтбординг бойынша ұлттық құраманың спорттық формасының дизайнері болу құқығына Атырау, Астана, Орал, Қарағанды және Атбасардан сегіз финалист күрескен.
Байқау түрлі-түсті көрсетіліммен және шоумен аяқталды, модельдер тек формасын көрсетіп қана қоймай, онда жұрт назарына би өнерін де ұсынды. Нәтижесінде, қазылар алқасы жалғыз дизайнерді таңдай алмады. Өйткені, бірінен-бірі асады. Сондықтан, үздік үш үміткер анықталды және оларға соңғы өнімді жасау үшін бірігіп жұмыс істеу ұсынылды.
Аталған бақытты үштікке Қарағандыдан Ерлан Оспанов, Орал қаласынан Ольга Питерскова һәм Атбасардан Мария Стригун енді. Марапат ретінде олардың әрқайсына миллион теңгеден табысталды.
– Өз көзқарасымды дәлелдеп шықтым. Өйткені, қазіргі жастардың мінезін, қалай киінетінін, талғамын жақсы білемін. Брейкданс және скейтборд мен үшін өнер түріне жатады.
Спорт түріне жатқызып, олимпиадаға қосқанына қуаныштымын. Біздің үлгіде ел құрамасының шығатынына өте қуаныштымын. Оның үстіне, өзім де брейк билеймін. Сондықтан да, би алаңына қандай ыңғайлы киім керек екенін жақсы түсінемін. Еліме пайдам тисе, арманым жоқ, – дейді Ерлан Оспанов.
Сонымен қатар, атыраулық дизайнер Мәдина Ашықбаева Kazakh Tourism ұлттық компаниясынан ынтымақтастық туралы ұсыныс алды. Ал, Ольга есімді қатысушы new generation Open Way жас дизайнерлер байқауының финалына қатысуға шақыру және Alma U. магистратурасында оқуға грант жеңіп алды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz