Қарағандылық дирижер – жеңіс тұғырында
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің дирижері Әбілқайыр Сағымбаев Н.Тілендиев атындағы республикалық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен байқауда еліміздің әр өңірінен келген 19 дирижер бақ сынап, Бас жүлдеге қарағандылық жас дирижер лайық деп танылған. Екі кезеңнен тұрған таланттар тартысына 18 бен 35 жас аралығындағы 25 үміткер өтініш білдірген екен. Байқау талабы бойынша қатысушылар «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрдің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындаған.
– «Отырар сазы» сияқты оркестрмен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Бірінші айналымда Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйі мен Кенжебек Күмісбековтің «Дала сырын» орындадық. Екінші кезеңде тек Нұрғиса Тілендиевтің қобыз бен оркестрге арналған «Алтын дән» күй-поэмасы мен «Абай табиғаты» шығармалары ғана қамтылған. Олар күрделі және орындау үшін үлкен дайындық пен уақытты қажет етеді. Байқаудағы жұмысым Бас жүлдеге лайық деп табылғанына қуаныштымын. Республиканың түкпір-түкпірінен басқа оркестрлермен бірге өтетін түрлі концерттерге шақырулар түсіп жатыр», – дейді Әбілқайыр Сағымбаев.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ