ЖаңалықтарСпорт

Қарағандылық боксшылар әлем чемпионатындағы жоғары жетістіктері үшін марапатталды

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев  Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов пен күміс жүлде иегері Сабыржан Аққалықовты құттықтап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады.

– Сіздер жеңіп алған медальдар – жоғары шеберліктің, рух күші мен спортқа адалдықтың дәлелі. Бұл жетістіктер табандылықтың, көпжылдық еңбектің, мықты мінездің және бүкіл команданың кәсіби жұмысының нәтижесі. Сіздер еліміздің намысын абыроймен қорғап, дайындық деңгейінің жоғары екенін, төзімділік пен жеңіске деген жігерді көрсеттіңіздер. Әрбір жеңістің артында ұзақ жаттығу сағаттары, бапкерлердің, ата-аналардың және мамандардың қолдауы тұр. Осы жолда бірге болған барша жанға алғысымыз шексіз. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және алда әлі талай жеңіс пен жаңа белестер бар екеніне сенімдіміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаттықтырушылар штабының жұмысы аталды. Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Дархан Дүйсембеков  өңірлік бокс мектебінің әлеуеті жоғары екенін айтты.

– Қазір басты мақсат – Олимпиада ойындары. Маңыздылығы жағынан екінші жарыс – Азия ойындары. Абылайхан үшін әлем чемпионатындағы мақсат орындалды, ал Сабыржанға сәл ғана жолы болмады — біз Қарағандыға екі алтын алып келуді жоспарлаған едік. Ортақ мақсатымыз – қарағандылық бокс мектебінің даңқын қайта жаңғырту, әр әлем чемпионатында және әр Олимпиадада чемпиондарымыздың болуы. Облыс басшылығы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, спорт мектептері мен интернаттар тарапынан қолдау бар. Біздің міндет — жұмыс істеу, жеңіске жету және чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу, – деп атап өтті Дархан Дүйсембеков.

Қазіргі таңда боксшылар Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына дайындық үстінде. Жапонияда өтетін Азия ойындары мен Азия чемпионатына қатысып, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button