Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

Қарағандылық қос боксшы 1/4 финалға жолдама еншіледі

Бокстан Дубай қаласында ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында отандастарымыз сәтті өнер көрсетуде. Ал, ұлттық құрама сапындағы қарағандылық боксшыларымыздың да нәтижесі көңіл көншітерлік. Бүгінде Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов жарыс жолын жалғастыруда. 92 келі салмақта жұдырықтасқан жерлесіміз Нурмагамед Юсупов өкінішке қарай жарыс жолынан шығып қалды.

Сурет Қазақстан бокс федерациясы

Бесінші жарыс күнінің нәтижесіне үңілсек, 1/8 финалға шығынсыз өткен жалғыз команда – Ресей құрамасы. Чемпионатқа келген 13 боксшысының бәрі де әлі жарыс жолында. Ал, ширек финалға шыққан боксшылар саны бойынша ІІ орында Өзбекстан құрамасы тұр. Бүгінде құрамаларындағы 11 спортшы осы кезеңге дейін жеткен. Үздік үштіктің қатарына Қазақстан боксшылары еніп отыр. Жарыс жолы басталғалы бері 10 боксшымыз сүрінбей, ширек финалға дейін жетіпті.

92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нурмагамед Юсупов алғашқы күні тәжікстандық Навруз Джафоевпен жұдырықтасқан болатын. Нәтижесінде, жерлесіміз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

1/8 финалдық бәсекеде жерлесіміздің қарсыласы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әрі екі дүркін Әлем чемпионатының қола жүлдегері испандық Энмануэль Рейес Пла еді. Өкінішке қарай жерлесіміз қарсыласынан айласын асыра алмады. Осылайша, жерлесіміз ұлттық құрама сапында дәл осы кезеңге дейін жарыс жолынан шығып қалған екінші спортшы еді. Бұған дейін 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Ерсылан Жақпеков жарыс жолын тәмамдаған болатын.

Жарыстың екінші күнінде өнер көрсеткен 75 келідегі Сабыржан Аққалықов Сейшел аралдарының боксшысы Джошуа Аарон Казенмен қолғап түйістірген. Сабыржан үшін бұл кездесі аса бір қиынға соққан жоқ. Кездесудің алғашқы раундында қарсыласын нокдаунға түсіріп, есеп ашты. Ал, екінші раундта толық басымдық көрсетіп, қарсыласын сұлатып тастады. Осылай, жерлесіміз бірінші жекпе-жегін нокаутпен аяқтап, келесі кезеңге жолдама еншілеген болатын.

Ал, 1/8 финалдық айқасында Сабыржан Жаңа Зеландиядан келген Таухиримати Тохерири-Халлеттпен кездескен болатын. Нәтижесінде, бұл кездесуде қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама еншіледі. Енді жерлесіміздің келесі қарсыласы World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы Әлем чемпионы өзбекстандық – Фазлиддин Эркинбоев.

71 келіде шаршы алаңға көтерілген Абылайхан Жүсіповтың алғашқы қарсыласы Армения боксшысы – Арарат Харутюнян. Бұл боксшымыз да алғашқы минуттан бастап бірінші нөмірде жұмыс істеп, қарсыласын соққының астына алды. Бұл раундты төрешілер 5:0 есебімен Абылайханға берген болатын. Екінші раундта жерлесіміз қарсыласын құлатып, есеп ашты. Десе де, қарсыласы Арарат орнынан тұрып, кездесуді жалғастырған еді. Үшінші раундта да дәл осы қарқынмен қарсыласын нокдаунға түсірді. Жерлесіміз бірінші кездесуде таза жеңіске жеткен болатын.

1/8 финалда жерлесіміз белоруссиялық боксшы Александр Радионовпен кездесті. Төрешілер шешімімен жеңіс Абылайханда. Есеп – 5:0. Осылайша қарағандылық боксшы 1/4 финалға жолдама еншіледі.

Ербол ЕРБОЛАТ

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button