Бас тақырыпСпорт

Қарағандылық биатлоншы Владислав Киреев Олимпиада лицензиясын жеңіп алды

Биыл 6-22 ақпан аралығында Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 36 спортшы жолдама алды. Солардың қатарында қарағандылық биатлоншы Владислав Киреев те бар. Жерлесіміз күні кеше Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензияны иеленіп, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғайтын болды.

Сурет облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық құрамасы биатлоннан Әлем кубогының бірнеше кезеңінде табысты өнер көрсетіп келеді. Солардың қатарында, Австрияда өткен Әлем кубогы кезеңін ерекше атап өтуге болады. Аталған жарыста Теміртаудың тумасы Владислав Киреев із кесу сайысында мүлт кетпей, мәреге 20-шы болып жетті. Ал, бұл Қазақстан биатлоны тарихындағы осы дисциплина бойынша ең жоғары нәтиже болып тіркелді.

Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов Владислав Киреев туралы пікірін білдіріп, оның шеберлігі мен мүмкіндігі жайында атап өтті.

– Владислав Киреев осы маусымда ұлттық құраманың нағыз көшбасшысы атанды. Қазірдің өзінде Әлем кубогында із кесу сайысында тарихи жетістікке қол жеткізіп, үздік жиырмалыққа енді. Қазір ол спорттық мансабындағы ең шарықтау кезеңінде. Одан бөлек, ол жасөспірімдер арасында да болашағынан үміт күттірер спортшылардың бірі еді. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі мәрте үздік төрттікке де енген. Әсіресе дәл осы олимпиадалық маусымда мұндай жоғары нәтиже көрсетіп жатқаны қуантады. Сондықтан, алдағы Әлем кубогы кезеңдерінде де, Олимпиада ойындарында да дәл осы спортшыдан жоғары нәтиже күтеміз, – деді ол.

Владислав Киреев облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Жоғары спорттық шеберлік мектебінің» тәрбиеленушісі. Спорттың осы түрімен шұғылданып жүргеніне 16 жылдан асыпты. Өзі биатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 16 жыл ішінде талай жетістіктерге жеткен. Бірақ, біз кейінгі жылдарда жеткен жетістігіне тоқталсақ.

2024 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен биатлоннан Ашық Азия чемпионатында жеке жарыста топ жарып, алтыннан алқа таққан болатын. Ал, былтыр Италияның Турин қаласында өткен Қысқы универсиадаға қатысып, жоғарғы көрсеткіш тіркеген болатын. Сонымен қатар, сол жылы Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылған IX Қысқы Азия ойындарында 10 шақырымдық спринтте жеңімпаз атанды. Әрі 4×7,5 шақырымдық ерлер эстафетасында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Енді жерлесіміз қысқы Олимпиада ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінеді деген сенім бар.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button