Қарағандылық биатлоншы Олимпиада лицензиясына үмітті
Төрт жылда бір келетін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да бір ай уақыт қалыпты. Биылғы XXV Қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан мен Кортине-д’Ампеццо қаласында 2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында өтпек. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинада ғана Олимпиада лицензиясы бар. Ал, теміртаулық биатлоншы Владислав Киреев бүгінде Олимпиада жолдамасы үшін бақ сынауда.

Бүгінде қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлер мен Әлем кубогында өнер көрсетіп, Олимпиада лицензиясы үшін күресуде. Ал, Олимпиада жолдамасы спортшылардың нәтижесі мен жинаған рейтингтік ұпайына қарай беріледі. Қарағанды облысынан Олимпиада жолдамасы үшін сынға түсетін тек Владислав Киреев қана. Жерлесіміз Олимпиадаға дейін іріктеу турнирлеріне қатысып, ұпайын түгендеуде. Нәтижесі қаңтар айында дейін белгілі болады.
Айта кетейік, жерлесіміз қарашада Норвегияда өткен әлем чемпионатына қатысып, шеберлігін шыңдаған еді. Желтоқсанның басында Қазақстан биатлоншылары Швецияның Эстерсунд қаласында өткен Әлем кубогына қатысып, бірінші кезеңде үздік 15 команда қатарына енген. Ерлер арасындағы эстафетаға қатысқан спортшылардың қатарында Владислав Киреев, Асет Дюсенов, Кирилл Бауэр және Вадим Куралес те болды. Ал, аралас жекелей эстафетада Владислав Киреев пен Милана Генева 15-ші орынға табан тіреді. Осылайша ол іріктеу кезеңдерінде қажетті ұпай түгенделді.
Владислав Киреевтің жаттықтырушысы Раис Хайрутдинов спортшыда лицензия алу мүмкіндігінің барын баса айтты. Бүгінде өзі шәкіртіне қолдау көрсету үшін Швецияға арнайы ұшып кеткен.
– Қазіргі уақытта Швецияда биатлоннан Әлем кубогының бірінші кезеңі өтіп жатыр. Владислав бұл жолы жекелей жарыста, спринтке және спринт нәтижесі бойынша тағы да сынға түседі. Әлем кубогының екінші кезеңі Аустрияда, үшіншісі Францияда өтеді. Ал, төртінші мен соңғы бесінші кезеңі қаңтарда Германияда жалғасады. Лицензиядан үмітіміз үзілген жоқ. Қазір басты мақсат – Олимпиада жолдамасы, – деді жаттықтырушы Раис Абрахманович.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



