Қарағандылық алты бала республикалық «Жас Өркен» балалар сыйлығын иеленді
«Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығын ұйымдастырушылар екінші маусым жеңімпаздарының есімдерін жариялады. Жас таланттарға берілетін қоғамдық сыйлықтың 14 номинация бойынша Гран-при жеңімпаздары мен лауреаттары таңдалды. Марапатталғандардың алтауы – қарағандылықтар.
Іріктеу кезеңдері мен қорытынды дауыс беру 2020 жылдың 1 наурызынан 12 сәуіріне дейін өтті. Барлық номинациялар бойынша еліміздің барша аймақтарынан 300-ден астам жас қазақстандық үміткер болды. Дауыс берудің бірінші турына 126 адам қатысып, олардың 56-сы ақтық тізімге енді.
Әр номинация бойынша екі жеңімпаз анықталды. Гран-при ең көп дауыс жинаған қатысушыларға беріліп, дауыс беру қорытындысына сәйкес, екінші орын алғандар лауреат атанды.
Гран-приге ие болған қарағандылықтар:
Ақтоты Әбдіқахарова (Жас қалам – Жас жазушы);
Мәди Пазыл (Жас Дарын – Жас актер).
Лауреаттар:
Саят Абдулла (Жас блогер – Жас блогер);
Бағлан Жаркенов (Үздік ерікті – жас еріктілер);
Самат Жүсіпов (Үздік ІТ бастама – Үздік IT идея);
Мадина Қайрулла (Жас қалам – Жас жазушы).
«Жас Өркен» республикалық сыйлығы «Жылдың халық қалаулысы» қазақстандық ұлттық сыйлығының аясында құрылған. Ұйымдастырушылар – «Республика-Регион-Даму» қоғамдық қоры және «Қостанай дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы. Марапаттау рәсімі өтетін күн кейінірек белгілі болады.
Фото https://lubimec.kz