Қарағандылық Алан Құрманғалиев Қытайдан қола жүлдемен оралды
Қарағандылық жас спортшы Алан Құрманғалиев Қытайдың Бейжің қаласында өткен беделді China Youth Smash халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болып, өзінің жеңістер тізімін тағы бір табыспен толықтырды.

Жарысқа 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлемдік деңгейдегі және Азияның үздік теннисшілері қатысты. Алан Сингапур, Корея және Қытай елдерінің мықты, әрі тәжірибелі қарсыластарына қарсы ойында да жоғары шеберлігін көрсетті. Ширек финалда ол қытайлық әлем чемпионы Ли Хэчэнді 4:3 есебімен жеңсе, жартылай финалда қарсыласы – екі дүркін әлем чемпионы Вэн Жуйбомен кездесіп, тартысты матчта турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Мамандар мен жанкүйерлер оның табандылығы мен техникалық дайындығын жоғары бағалауда. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлағандай, 11–15 қазан аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласында өтетін 28-ші Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы қатысатын болады. Сол құрамда төрт қарағандылық теннисші – Алан Құрманғалиев, Зауреш Ақашева, Жанерке Қошқұлбаева және Альбина Жақсылықова ел намысын қорғайды.
Жамал АКПАРОВА