Қарағандылық акробаттар Азия чемпионатында 10 медаль иеленді
Қарағандылық акробаттар Азия спорт сахнасында тағы бір жарқын жеңіс жасады. Үндістанның Гоа қаласында өткен құрлықтық чемпионатта Қазақстан құрамасының үздік нәтиже көрсетуіне ықпал етіп, барлығы 10 медаль олжалады. Оның ішінде 7-еуі – алтын, 3-еуі – қола деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

– Біздің шәкірттеріміз тағы да Азия құрлығының үздіктері екенін дәлелдеді, – деп атап өтті гимнастика бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері.

- Ерлер жұбы – Даниэль Диль мен Вадим Шуляр баланстық жаттығуда чемпион атанды.
- Әйелдер жұбы: Яна Высоцкая мен Екатерина Трофимова баланстық, темптік және көпсайыс бағдарламаларында үш алтын медаль иеленді.
- Аралас жұп: Диас Жеңіс пен Дилара Байбақушева үш бағдарламада да үздік нәтиже көрсетіп, үш алтын медаль жеңіп алды.
- Аралас дуэт: Илларион Мацымоха мен Диана Высоцкая баланстық, темптік және көпсайыс жаттығуларында қола медаль иегері атанды.

Спортшылардың табысты өнер көрсетуіне бапкерлер тобының еңбегі ерекше. Команданы жарысқа Ботагөз Байбақұшева, Ирина Загриценко, Ирина Балагутина, Сергей Вертянкин және Светлана Лепшеева дайындады.

Қарағандылық акробаттар енді қараша айының соңында өтетін Қазақстан Республикасының кубогына дайындықты жалғастыруда.
Жамал АКПАРОВА



