Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандылық ақындар республикалық айтыста топ жарды

Қарағандылық ақындар тағы бір мәрте өнерімен ел ықыласына бөленді. Маңғыстауда өткен «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыста облыс құрамасы суырыпсалмалық өнері мен ұлттық нақыштағы жыр-күйді жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша Қарағанды мен Түркістан облыстары жеңімпаз деп танылды.

Айтыс – халқымыздың рухани байлығы мен мәдени мұрасының көрінісі. Бұл додаға елдің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар қатысып, өз аймақтарының намысын қорғады. Қазылар алқасы ақындардың суырыпсалмалық қабілетін, ой ұшқырлығын, ұлттық құндылықтарды жеткізе білу шеберлігін ескере отырып, командалық есеп бойынша жеңісті Қарағанды және Түркістан облыстарының құрамаларына бірдей табыстау туралы шешім қабылдады.

– Біздің өнерпаздарымыздың «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық айтыста қол жеткізген жеңісімен құттықтаймын! Қарағанды облысының құрамасы бұл айтыста сөз саптау шеберлігімен, ән, жыр, күй өнерінен жоғары деңгейден көріне білді. Бұл жетістік өскелең ұрпақты мәдени мұрамызды сақтауға және құрметтеуге ынталандыратыны сөзсіз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұл жеңіс – Қарағанды өңірінің өнер мен мәдениетті дамыту жолындағы жүйелі еңбегінің нәтижесі. 

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Back to top button