Қарағандыдан Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жіберілді
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, «Қиындықта ел бірге» акциясы аясында Қарағанды облысының халқы Петропавлдағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 18 газель және 1 фура жүк көлігіне артылған 80 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді.
Көршілес өңірге гуманитарлық көмекті жинауға Қарағанды облысының тұрғындары, кәсіпкерлер, еріктілер, аймақ жамағаты және т.б адамдар қол ұшын созды.
Шараға облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы қатысып, қайырымдылық асарын жүзеге асыруға демеуші болған барша облыс тұрғындары мен жамағатқа алғысын білдіріп, игі іс жолында сапарға шыққан жолаушыларға сәттілік тілеп, батасын берді.
Солтүстік Қазақстан облысына жіберілген гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, жылы киімдер, көрпе, ыдыс-аяқ, күрек, қап, резеңкелі етіктер және басқа да қажетті құрал – жабдықтар жинақталған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz