Қарағандыдан Қарқаралыға тұрақты автобус бағыты іске қосылады
27 қыркүйектен бастап №109 «Қарағанды–Қарқаралы» ауданаралық (облысішілік қалааралық) бағытындағы жолаушылар тасымалы қайта жанданбақ. Байқау өткізілгенге дейін бұл бағытты «Nomad Bus» ЖШС уақытша келісімшарт бойынша қамтамасыз етеді. Байқау аяқталған соң тұрақты автобус тасымалдаушысы анықталады.

Маршрут Қарқаралы қаласы мен облыс орталығын тікелей байланыстырады, бұл аудан орталығы тұрғындарына қоғамдық көлікті қолжетімді пайдалануға қосымша мүмкіндік береді.
Жолаушыларды жаңа, сыйымдылығы жоғары Yutong маркалы жайлы автобустар тасымалдайды. Бағыт кестесі жолаушыларға барынша қолайлы болатындай етіп жасалған. Қарқаралы қаласынан автобус таңғы сағат 7:00-де, ал Қарағанды қаласынан сағат 17:30-да жолға шығады. Бастапқы және соңғы аялдамалар арасындағы жолақы – 945 теңгені құрамақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА