Қарағандыда жылу жүйелері жаңаруда
Қарағандыда жылу желілерін кешенді жаңғырту жалғасып жатыр. Бұл – қаланың инженерлік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инвестиция. Биыл 1972 жылы салынған М-2 магистралін қайта жаңарту басталды. Қаланың орталығындағы жүктеменің артуына байланысты бұл шешімнің маңызы одан сайын артты.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары кезінде жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жаңғырту жобасы 900-ден астам нысанды қамтиды, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және мәдени мекемелер, жеке сектор бар. Болашақта кемінде 50 үйді жылу желісіне қосу жоспарланған. Ескірген құбырлар қызмет ету мерзімі 30 жылға жететін алдын ала оқшауланған жаңа құбырларға алмастырылуда. Олардың үлкейтілген диаметрі гидравликалық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жылу жүйелерінің тозуын азайтып, жылу жоғалтуды төмендетеді және жылумен қамтудың сапасы мен тұрақтылығын арттырады.
Қазіргі уақытта жұмыс «Ақжолтай» сауда үйінің маңында және №2 сорғы станциясы ауданында жүріп жатыр. Биыл 450 метр магистральді құбырды жаңарту жоспарланған. Тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жарықтандырылған уақытша өткелдер орнатылды, бұл жөндеу кезінде ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында үш ірі жоба жүзеге асуда: жылу желілері мен орталық жылу пункттерін жаңғырту. Мұқанов көшесіндегі 29-ықшам ауданда құбырлар мен сорғы жабдықтары толық ауыстырылып, заманауи жапқыш арматуралар мен температура реттегіш тораптар орнатылып жатыр. Әлихан Бөкейхан атындағы аудан аумағында Архитектурная, Гвардейская және Лихачев көшелеріндегі желілер жаңартылуда.
Тағы бір маңызды жоба – ОН-3 нүктесінен ТП-1-ге дейінгі байланыс магистралін жаңғырту. Бұл учаске толық аяқталғанда Сұрыптау, Пришахтинск және Шахтёрский кенттері тұрақты әрі сапалы жылумен қамтылады. Ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын желі алдағы жылыту маусымына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Өңірде жылыту маусымына дайындық та қатар жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 13,8 мың метр болатын жылу желісін ауыстыру көзделген, қазіргі уақытта оның жартысынан астамы орындалды.
Облыс әкімі сонымен қатар Әлихан Бөкейхан ауданында салынып жатқан «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясының құрылысымен танысты. 2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба қазір аяқталу кезеңінде. Қуаты бұрынғыдан 2,5 есе жоғары бұл станция 23 мыңнан астам тұтынушыны – тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және шағын кәсіпорындарды сенімді электрмен қамтиды.
– Жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл бізге қысты қиындықсыз өткізуге мүмкіндік береді. Жылу жүйелерін жаңғырту ісін жалғастырамыз, алда әлі де ауқымды жұмыстар бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Әлихан Бөкейхан ауданындағы қосалқы станция құрылысы – бұрыннан қажет болған шешім. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Қарағанды заманауи әрі маңызды инфрақұрылымға ие болуда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz