Қарағандыда жылдың үздік тауары таңдалмақ
15 шілде күні орталық саябақта “Қазақстанның үздік тауары – 2023″ өңірлік көрме-байқауының қорытындысы шығарылады. Қарағандылықтар жергілікті тауарлардың алуан түрлілігін тамашалап қана қоймай, ұнатқандарын сатып та ала алады. Кіру тегін.
Өз өнімдерін 70-ке жуық жергілікті қарағандылық өндірушілер ұсынады. Кәсіпкерлер “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Халық үшін үздік тауарлар” және “Үздік азық-түлік тауарлары” номинациялары бойынша жеңіске жету үшін күресетін болады. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімінің арнайы сыйлығы тағайындалды.
Республикалық байқауда өңірдің намысын қорғауға аттанатын тоғыз жеңімпаз анықталады.
Сондай-ақ, “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысушылардың көрмесі өтеді. Көрме аясында 20 ауыл кәсіпкері өз өнімдерін ұсынбақ.
“Бір ауыл – бір өнім” жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы іске асыратын “Мен кәсіпкер” бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz