Қарағандыда «Жыл мұғалімі» анықталды
Мұғалім – мектептің тірегі. Жас өскін оқушылардың қоғамға бейімделіп өз орнын табуына ата-анадан соң ықпал ететін бірден бір жан болса, ол – мұғалім. Олардың кәсіби шеберлігін жетілдіру – мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Сол мақсатта облыста педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін «Жыл мұғалімі – 2025» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Биылғы додаға барлығы 33 педагог қатысып, олардың ішінен тоғыз үздік ұстаз ақтық сынға жолдама алды.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең дәстүрлі түрде барлық аудан, қала және арнайы (түзету) мектеп-интернаттарында, сондай-ақ, мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттарда өткізілді. Екінші облыстық іріктеу кезеңі 17-26 қараша аралығында ұйымдастырылып, мұғалімдер сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар арқылы кәсіби шеберлігін көрсетті. Барлық сабақтар мен игі іс-шаралар «Адал азамат» кешенді білім беру бағдарламасы негізінде, құндылықтарға бағытталған оқыту мен тәрбиелеу қағидаларына сәйкес жүргізілді.

Ақтық сында қатысушылар кәсіби әрі шығармашылық қабілеттерін жан-жақты танытуы үшін келесідей тапсырмаларды орындады. Алдымен «Педагогтің визиттік карточкасы» кезеңінде үш минуттық таныстырылым жасап, өздерінің жеке ұстанымы мен педагогикалық көзқарасын көрсетті. Бұдан кейін «Ашық микрофон» тапсырмасында үш минут ішінде ұяшықтағы сұрақты таңдап, соған сәйкес жауап беріп, ой-толғамын ортаға салды. Соңғы кезеңде ұстаздар «Мұғалімнің демалыс күні» атты үй тапсырмасын көпшілік алдында паш етіп, өз шығармашылығын және мұғалім бейнесін жаңа қырынан қырынан аша түсті.
– Мұғалімдердің елеулі еңбегі – еліміздің ертеңіне қосылған ең қастерлі үлес. Педагогтың қоғамдағы орны ерекше, өйткені әрбір оқушының, әрбір азаматтың қалыптасуында ұстаздың ұлағатты ізі қалады. Бүгін облысымыздағы үздік мұғалімдер бас қосып отыр. Бұл – тек кәсіби шеберлікті таразылайтын байқау емес, білім берудегі жаңашылдық пен ізденістің мерекесі. Біздің өңірдегі білім сапасының артуы – сіздердің талмай еңбектеніп, шығармашылықпен жұмыс істеп жүргендеріңіздің нәтижесі. Сондықтан, бүгінгі байқауға қатысып отырған әр мұғалімге зор құрмет білдіремін, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Байқаудың әділ әрі ашық өтуіне білім саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар беделді мамандардан құралған қазылар алқасы өз үлестерін қосты. Олардың қатарында Ардагерлер кеңесінің өкілдері, оқу-әдістемелік орталықтың ғылыми кеңесшілері секілді белді қоғам мүшелері қазылық жасады.
Байқаудың ресми бөлігімен қатар, рухани мазмұнын арттыруға Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблі өз үлестерін қосты.
Әділқазылар алқасы барлық кезеңдердегі жинақталған ұпайларды сараптай отырып, биылғы жылдың бас жүлдесін Осакаров ауданының «Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебі» мұғалімі Өнерхан Дәулеткерейге табыстады. I орынның иегері – №2 арнайы мектеп-интернатының музыка пәні мұғалімі, дефектолог Медет Мауиянов, II орын – Қарағанды қаласындағы «Шәкәрім атындағы гимназия» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Асем Қалиасқарова, III орынға – Балқаш қаласының №12 мектебінің химия пәні мұғалімі Қанат Макажанов иегер атанды.

Сонымен бірге «Үздік сабақ», «Үздік сыныптан тыс іс-шара», «Үздік үй тапсырмасы», «Көрермендер көзайымы» сынды номинацияларға өз иелерін тапты.
Биылғы байқаудың басты ерекшелктерінің бірі – Рамазан Төребеков атындағы арнайы грант. Шәкірт тәрбиесіне 40 жылын арнаған Рамазан Төребекұлы – ел жадында еңбекқор ұстаз, парасат иесі ретінде қалды. Оның өнегесі бүгінгі жас мамандар үшін үлгі болып отыр. Ұрпаққа ұласқан ұстаздық жолды жалғаған ұлы Азамат Рамазанұлы мен немересі Ұлан Азаматұлы биыл да дәстүрді үзбей, грант ретінде 300 000 теңге тағайындады. Бұл марапат Қарқаралы ауданының математика пәні мұғалімі Жазира Жақыповна Адамбаеваға табысталды.

– Жыл озған сайын байқаудың ауқымы да кеңейіп келеді. Биылғы доданың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде болды. Әр кезеңнің талаптары нақты, шешімдері әділ. Ресми еңбек өтілім – 5 жыл, бейресми түрде 10 жылдай тәжірибем бар. Бұған дейін де облыстық және республикалық деңгейлерде жүлделі орындар алғанмын. Бұл байқауға да бар ынта-жігерімді жанып дайындалдым. Әріптестерімнің барлығы ыждаһатталықпен дайындалып келген екен, – деді қатысушы Мұрат Айдар.
Ұстаздық жол – жылдармен шыңдалатын, үздіксіз ізденіс пен талапты қажет ететін қастерлі мамандық. Мағжан ақын «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздыкі» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан да, мұғалім мәртебесін көтеру, олардың еңбегін ел алдында лайықты дәріптеу – қоғамның дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені даусыз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



