Аймақта ЖЭО-3 базасында жаңа энергия блогының құрылысы басталды
Қарағандыда ЖЭО-3 базасында жаңа энергия блогының құрылысы басталды. Жобаның құны – 134,6 миллиард теңге. Ол 2028 жылға дейін толық аяқталуы тиіс.

– Бүгін Қарағандыда біз ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысын бастадық. Бұл оқиға тек біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл облыс үшін ерекше маңызға ие. Алдымызда тұрған жоба өңірдің өнеркәсіптік, әлеуметтік және экономикалық дамуына қуатты серпін береді. Энергоблоктың іске қосылуы Қарағандыны қосымша 140 мегаватт электр энергиясымен және сағатына 180 гигакалория жылумен қамтамасыз етеді. Бұл – тұрақтылық, өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер, бизнес үшін сенімділік және тұрғындар үшін жайлылық. Құрылыс жаңа жұмыс орындарын ашады, мамандарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді, жергілікті инженерлік мектептің дамуын қолдайды. Ең бастысы, бұл жоба Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жаңадан салынатын генератор 400-ден астам жаңа көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов министрлік атынан жаңа энергоблоктың құрылысының басталуымен құттықтап, ірі жобалардың ықпалы тек облыстың ғана емес, елдің де энергетикалық жүйесіне зор әсер ететінін атады.
– Еуразиялық даму банкі халықаралық ұйым болып табылады. Соңғы 4 жылда Банктің Қазақстандағы инвестициялық портфелі 5 млрд АҚШ долларын құрады, ал энергетика әрдайым басты назарда болды. Қарағанды ЖЭО-3 кеңейту – ЕАДБ, мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Бірлесе отырып, біз өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін сенімді негіз қалыптастырамыз, – деп атап өтті ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ