Аймақ

Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған симуляциялық оқу орталығы ашылды

Қарағанды облыстық медицияналық жедел жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығы ашылды. Мұнда жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ болашақта барлық ниет білдірушілер оқытылады.

 

Төрт симуляциялық станция үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жабдықтар сатып алынды. Ересектер мен балалардың негізгі және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясына арналған манекендер сатып алынды.

Муляждар адам анатомиясын дәлме дәл қайталайды, бұл реанимациялық шаралар кезінде процесті бақылауға көмектеседі. Сондай-ақ, апат пен төтенше жағдай кезінде жарақат алу тренажерлері және босану терапиясына арналған тренажерлер бар.

 

– Облыстық жедел жәрдем қызметінде 1500-ге жуық адам жұмыс істейді, оның ішінде дәрігерлер, фельдшерлер, жүргізушілер. Бұл орталыққа деген қажеттілік өте жоғары болды. Енді тұрақты негізде шақыртуларға шығатын әрбір қызметкер өзінің кәсіби дағдыларын ұдайы шыңдай алады. Қарағандының бес қосалқы станциясының, сондай-ақ Саран, Шахтинск, Абай, Теміртау және Балқаштың дәрігерлері мен фельдшерлері оқитын болады. Біздің орталыққа және аудандық қосалқы станциялардың қызметкерлеріне бару мүмкіндігі бар, – дейді Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі директорының орынбасары Ардақ Науанова.

Жедел жәрдем қызметкерлері қатарындағы оқытушылардың жетекшілігімен фельдшерлер мен дәрігерлер жаңа реанимациялық әдістер туралы біле алады. Манекендер алғашқы медициналық көмек әдістерін тіпті дайын емес адамға да меңгеруге мүмкіндік береді. Мұнда барлық тілек білдірушілерді оқыту жоспарда бар.

 

Симуляциялық орталық базасында Үздік жедел жәрдем бригадасына байқау өтті. Қазіргі таңда жеңімпаз атанған Балқаш командасы өз білімі мен дағдыларын манекендерде шыңдауда. Тамыз айында балқаштықтар Семейдегі республикалық байқауда Қарағанды облысының атынан қатысып, біліктіліктерін көрсетеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button