АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда жедел жәрдем көліктері полиция жүйесіне қосылды

Қарағанды облысында жедел қызметтердің өзара әрекеттестігі жаңа цифрлық деңгейге шықты. Жедел жәрдем көліктері полицияның Жедел басқару орталығымен біріктіріліп, жолдағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйе қалыптасты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жүйенің жұмысымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентіндегі Жедел басқару орталығына барып танысты. 

Орталықтың қызметі мен техникалық мүмкіндіктерін Қарағанды облысы полиция департаментінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Жанат Қақажанов таныстырды.

– Жедел басқару орталықтары облыстың көп қаласы мен аудандарында жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырып, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру, – деді Жанат Қақажанов.

Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының кезекшілік бөлімі базасында орналасқан орталық аудан әкімдігінің қолдауымен салынған. Қоғамдық тәртіп мониторингі тәулік бойы жүргізіледі. Заманауи бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған, құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтап, оқиғаларға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

– Бұқар жырау ауданында 2919 бейнекамера орнатылған, оның 1500-і орталыққа қосылған. Біз барлық камераларды бір жүйеге біріктірдік, осылайша толық интеграция тізбегі құрылды. Орталыққа мектептер, балабақшалар мен колледждер қосылды, – деді Жанат Қақажанов. – Сонымен қатар жедел жәрдем көліктері де орталыққа интеграцияланған. Енді кез келген жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға болады, бастысы байланыс желісі бар болса болғаны.

Сонымен қатар, бейнебақылау жүйесі көшелерде, қоғамдық орындарда және тұрғын үйлер ауласында да жұмыс істейді. 

Жиналыста жол қауіпсіздігі мәселелері және кейбір учаскелердегі апаттылықты азайту жолдары талқыланды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button