АймақБас тақырып

Қарағандыда Конституция жобасын қолдауға бағытталған жастар форумы өтті

Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ауқымды жастар форумы өтті. Форумда өңір жастары ел болашағы мен алдағы өзгеріс жайында пікір алмасып, жаңа Конституция жобасы жайында талқылауға белсене қатысты. Сонымен қатар, іс-шара барысында өңірге есімі белгілі өнер азаматтары әннен шашу шашты. Кеш соңында KeshYOU тобының мүшесі, танымал қазақстандық әнші Айдана Меденова мен отандық эстрада жұлдызы Қайрат Түнтеков сахна төріне көтеріліп, жастарға көңіл күй сыйлады.

Суреттерді түсірген Диана Әуезханова

Жастар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің өңірлік төрайымы Айжан Қиясова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Равиль Садықов және кәсіпкер, қоғам белсендісі Ерболат Закиров сөз сөйледі. Спикерлер өз сөзінде жеке жауапкершілік пен айқын азаматтық ұстанымның қоғам дамуы жолындағы шешуші рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, қоғамдық үдерістерге белсенді араласу – уақыт талабы екенін айтып, әрбір жас ел тағдырына қатысты мәселелерде сырт бақылаушы емес, саналы қатысушы болуы керектігін жеткізді.

– Бүгінгі шара өңіріміз үшін айрықша маңызға ие. Ең алдымен, бұл – қала және облыс тұрғындары мен қонақтарына ашық форматта ұйымдастырылған еркін алаң. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі де кештің мазмұнын байыта түсті. Меніңше, ұйымдастырушылардың ең дұрыс қадамы – өңірдің белсенді, бейжай қарамайтын азаматтарын арнайы шақыруы. Бұл – қоғамдағы пікір алмасу мәдениетін қалыптастыратын маңызды тетік. 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында әріптестерім де осы іс-шара аясында бірқатар ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді деп ойлаймын. Ерекше атап өте кетейін, бұл – ешқандай үгіт-насихат емес. Бұл – азаматтарға қажет әрі пайдалы ақпарат. Себебі, бүгінгі таңдау – ертеңгі болашағымыздың негізі. Біз, жас буын өкілдері ретінде, реформаларды толық қолдаймыз. Алдағы Конституциядағы өзгерістерді заман талабы деп білеміз. Өйткені, әлем қарқынды дамып келеді, уақыт көшінен қалмау – басты міндет. Бұған дейінгі Конституциядағы кейбір нормалардың бүгінгі күн талабына сәйкес келмейтіні де жасырын емес. Қазір – цифрландыру мен технология дәуірі. Ұсынылып отырған жаңа түзетулер алдағы он, тіпті жиырма жылға ел қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге кепіл болады деп сенемін. Сондықтан, 15 наурызда өтетін реформа – мемлекетіміздің дамуына, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын нығайтуға бағытталған дұрыс әрі қажетті қадам деп есептеймін, деді Ерболат Закиров.

Сонымен қатар, жаңа конституция жобасын түсіндіру мақсатында Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңесі төрағасы Равиль Садықов та ойын ортаға салды.

– Баршаңызға белгілі, елімізде Жаңа Конституция жобасына қатысты реформа жүріп жатыр. Мен бұл бастаманы толық қолдаймын. Қаламыздың Қоғамдық кеңесі де аталған өзгерістерді қолдайтынын білдірді. Біз мұны жаңа кезеңнің, жаңа дәуірдің бастауы деп қабылдаймыз.
Конституция жобасын мұқият зерделеу барысында мені екі бап ерекше қызықтырды. Атап айтқанда, 70-баптағы жаңа институт – Қазақстанның Халық кеңесін құру туралы норма. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде бұл бастаманы өте маңызды әрі уақыт талабына сай шешім деп бағалаймын.
Неліктен? Себебі, аталған кеңес этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, мәслихат депутаттарынан жасақталмақ. Яғни, оның құрамына Қазақстан халқының түрлі әлеуметтік топтары еніп, елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді талқылауға қатысады. Қажет болған жағдайда референдум өткізу жөнінде де ұсынымдар беруге мүмкіндік алады. Меніңше, бұл – қоғамдық пікірді ескерудің жоғары деңгейдегі тиімді тетігі. Бүгінгі іс-шараға тоқталсам, қаламыздың ішкі саясаты аясында жастарға арналған осындай мазмұнды кездесулердің ұйымдастырылуы – құптарлық іс. Осыған қарап ел болашағына бейжай қарамайтын буынның бар екенін көрсететін жақсы белгі, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңесі төрағасы Равиль Садықов.

ҚарҰЗУ филология факультетінің IV курс студенті Азиза Кулметтенова да сөз алып, өз пікірімен бөлісті.

– Жаңа Конституция жобасында жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, студенттердің ғылыми жоба қорғау үдерісінде авторлық құқықты қорғау тетіктері нақтыланып, олардың зияткерлік еңбегі заң жүзінде толық қамтылған. «Отыз жылда ел жаңа» деген сөз бар. Қолданыстағы Конституциямыз мемлекет дамуының берік іргетасын қалауға бағытталса, жаңа жоба адам капиталының сапасын арттыруға негізделген. Бұл – жастардың тегін білім алуына, сапалы жұмыспен қамтылуына және әлемдік стандарт деңгейінде білім игеруіне құқықтық кепілдіктің күшейтілуі деген сөз.
Жаңа Конституция жобасында маған ерекше әсер қалдырған тұс – кәмелетке толған баланың ата-анасына жауапкершілік жүктеп, оларға қолдау көрсету міндетін айқындау. Себебі, өскелең ұрпақтың бойындағы құндылықтар, ең алдымен, отбасындағы тәрбие мен өзара сыйластықтан бастау алады, – деді ол.

Бұл форум жай ғана басқосу емес, ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді жастардың тоғысқан тұғырына айналды. Мұнда жиналған буын мемлекеттің болашағын ашық талқылап қана қоймай, оң өзгерістердің бастауында тұруға дайын екенін аңғартты. Ал, жастардың қолдауы мен ыстық ықыласы рухани серпін сыйлады.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button