Қарағандыда жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу үшін фронт-кеңсе ашылды
Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, облыстық Жастар ресурстық орталығында Esbol qory фронт-кеңсесі ашылды. Оның мақсаты – жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Салауатты сана» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Мұнда тренингтер, шеберлік сабақтары мен мамандармен кездесулер өткізу жоспарланған. Фронт-кеңсе жұмысына Полиция департаменті, Жастар денсаулығы орталығы және басқа да ұйымдар серіктес болды. Бір ай ішінде бес рейд және үш ақпараттық сессия өткізілді. «Мерген» жасанды интеллект жүйесінің көмегімен екі онлайн есірткі дүкені анықталып, жабылды.
Қазір кеңседе бес маман және 50-ге жуық волонтёр жұмыс істейді. Алдағы уақытта 200-ге жуық жасқа психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп, 70-тен астам ерікті алдын алу шараларына тартылмақ.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ