Қарағандыда жасанды көгалдың аударылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қарағандыда жасанды көгалдың аударылуы салдарынан балалардың жарақат алуы оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қарағандыда дауыл кезінде жасанды көгал аударылып, жарақат алған екі баланың бірі есін жиды. Дәрігерлердің айтуынша, өміріне төнген қауіп жоқ. Оның бас және жақ сүйектері, қолы сынған. Миына зақым келген. Бүгін күрделі ота жасалады. Ал, екінші бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оңалып қалғанын айтты. Балаларды емдеуге және денсаулығын қалпына келтіруге барлық қажетті көмек көрсетіледі.
– Майқұдықтан бізге әкелгенде жарақаты ауыр болды. Бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Бірнеше жарақат алған. Бас ми жарақаты, бет сүйегі сынған, қолы сынған. Шок жағдайдан шығардық. Қазір баланың жағдайы жақсарды. Есін біледі, сөйлейді. Бүгін отаға дайындап жатырмыз. Нейрохирургтар маңдай сүйегін, төменгі жақ сүйегін, жоғарғы жақ сүйегін бекітеді. Травматологтар өз жұмысын істейді. Оң қолы сынған баланы да отамен қалпына келтіреді, – дейді нейрохирург Ғабит Махамбаев.
Ауладағы жасанды көгалды мердігерлер бір апта бұрын орнатып бастаған. Жұмыс әлі аяқталмапты, сондықтан жиегін ағашпен уақытша бекіткен. Аудан әкімдігі жұмыс жүріп жатқан аумақта қандай да бір қауіпсіздік белгілері болмағанын, жолақты таспа тартылмағанын мәлімдеген. Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, кеше, 19 маусым, сағат 14.00-де Қарағандыда көгілдір тоғандар шағын ауданында дауылды жел ойын алаңындағы жабынды жұлып әкетті. Оқыс оқиға салдарынан екі бала зардап шекті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz



