Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда жасанды интеллектке бағытталған жастар форумы өтті

“AMANAT” партиясының Қарағанды облыстық филиалында жастардың жасанды интеллект және цифрландыруға деген қызығушылығын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «SARYARQALAB: AQYL.DAMU.QADAM» атты жастар форумы өтті. Ауқымды шараға өңірдің ең креативті, білімді, шығармашыл және белсенді 600-ден астам жасы бас қосты.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Олар өңір университеттері мен колледждерінен, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларынан және аудандардан келді. Форум аясында облыстың түкпір-түкпірінен келген жүздеген жас түрлі экскурсияларды аралап, тренингтер мен семинарларға қатысты, жаңа ортамен танысты. «AMANAT» партиясында өткен Жастар форумының салтанатты жиыны осы маңызды шараның қорытындысы болды. Аталған шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков және басқа мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы Қарағанды облысының әрбір төртінші тұрғыны жастар өкілі, олар еліміздің болашағы ретінде жаңа идеяларды жүзеге асырушы серпінді қуат иесі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «жастар – елдің жаңа экономикасының негізгі қозғаушы күші» деп атап өткен болатын. Жасанды интеллект, цифрлық технология, экологиялық мәдениет, құқықтық білім салаларын болашақта еркін меңгеретін тұлғасыздар. Бүгінде сіздерге гранттар беріліп келеді. Бұл шын мәнінде — өңір тарапынан, бүкіл ел тарапынан сіздерге артылған зор үміт пен сенімді білдіреді. Сонымен қоса, бұл сіздердің тың идеяларды, қолға алған бастамаларды, стартаптарды, армандарыңызды жүзеге асыруға салынған инвестиция болып отыр.
Өңірде «Жасыл ел» бастамаларын бастап, жастарға арналған жеңілдетілген ипотека, менторлық пен мәдени жобалардың барлығы жас буынның жолын ашу мақсатында жасалып жатыр. Біз сіздердің елімізді өркендетуге үлес қосатындарыңызға сенім мен үміт артамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова сөз сөйлеп, елімізде жастардың көмегімен ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қоса, форумда жасанды интеллект маманы Есқали Қыдырмолданов жастарға қазіргі заманның қуатты технологиясы Жасанды интеллект туралы түсіндірді. ЖИ-дің шығармашылық пен идеяларды жүзеге асыруға арналған және өнімділікті арттыратын құрал ретінде көмектесетінін айтты.


«Quantumhub» тұрақты даму және креативті индустрия ғылыми-зерттеу орталығының, «Azmar premium mektebi» ЖШС директоры Жәнібек Жартай Жасанды интеллект білім саласын қалай өзгертетіні туралы баяндама оқыды. Айтуынша, АҚШ пен әлем студенттерінің 90%-ы оқуда ЖИ-ді пайдаланады, ал біздің еліміз әлі ондай деңгейге жеткен жоқ. Еңбек нарығында жүйені орындауда ЖИ-дің көмегі көп екенін айтты.
Ал «Террикон алқабы» экожүйесінің басқарушы серіктесі Диана Салехова жастарға өңірлік ІТ-хабтың әлеуетін таныстырып, жаңа идеялар мен стартаптарды жүзеге асыратын жастарды «Террикон алқабына» шақырды.

Бұдан басқа «Таза Қазақстан» акциясы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға сеп болғаны туралы айтылды. Теміртау «Жасыл ел» жастар жасағының бас үйлестірушісі Мирас Яуда әрбір жастың үлесі – ел табиғатын, экологиясын сақтауға септігін тигізеді деді. Форум соңында Қарағанды облысының белсенді жастары марапатталды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button