Бас тақырып

Қарағандыда жасанды интеллект күнделікті өмірге еніп келеді

2025 жыл орталық Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дәуірі дендеп енген шақ деуге толық негіз бар. Өңір бүгінде Қазақстандағы цифрлық трансформацияның алдыңғы шебіне шықты. Ұлттық сипаттағы Digital Qazaqstan бағдарламасы ая­сында қолға алынған жосынды жо­балар қарқын алып, жергілікті би­лік пен ІТ-мамандар күнделікті тіршілікті жеңілдететін шешімдерді өмірге енгізуге белсенді кірісіп кетті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Зерде заманында

Қараша-желтоқсан айларындағы жағдайға көз салсақ, Қарағанды нақ бір «инновациялар зертханасына» айналғандай. Қала көшелерінде ақылды бағдаршам, автоматты тұрақ жүйесі, базар мен дүкендерде бағаны бақылаудың цифрлық тетіктері, ал, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін интеллектуалды бейнекамералар іске қосылып келеді. Аймақтың күнделікті тыныс-тіршілігіне енген өміршең өзгерістер тек техникалық жаңғыру ғана емес, жаңаша ойлау мәдениетін біртіндеп қалыптастырып келеді.

– Біздің өңір IT саласындағы базасы мықты және атаулы бағытта нақты нәтижелер көрсетіп келеді. JoLScan атты пилоттық жоба іске қосылды. Ол жедел жәрдем көліктерінің камераларынан алынған деректер арқылы жол жабынындағы ақау­ларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Яндекс» компаниясымен бірлесіп, «ақылды бағдаршамдар» жү­йесін енгіздік. Жүргізушілерге бағдаршамның ауысу уақыты туралы ақпарат нақты уақыт режимінде беріледі. Ал, ақылды автотұрақ жүйесі бейнебақылау мен жасанды интеллектіні біріктіріп, бос орындарды онлайн көрсетеді, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі әлгіндегі сөзін өңірдің цифрлық серпінін нақты дерекпен тү­йіндеді. Ол мысал ретінде Қарағандыда қанат қаққан стартаптың бірін атап өтті. Жоба қысқа уақыт ішінде 200 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан. Стартап дәмханалар мен мейрамханаларға арналған толықтай автоматтандырылған бақылау жүйесін ұсынады. Теңгерімді тетік қызмет көрсету сапасын қадағалап қана қоймай, даяшылардың жұмыс қарқынын бағалап, қызметкерлерді ынталандыруға соны серпін сыйлайды. Ең бастысы, кәсіпкер үшін табыс әкелетін шешім: орташа чек көлемін айтарлықтай арттырады. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, мұндай жоталы жобалар өңір экономикасының жаңа тынысын ашуда.

Соңғы жылдары Қарағандыдағы ІТ-сектордың дамуы шын мәнінде көз сүйсінтерлік: IT-компаниялардан түсетін салық көлемі жыл сайын 35 пайызға өсіп келеді. Қазыналы Қарағанды бүгінде қазба байлыққа ғана емес, зерделі зияткерлік пен цифрлық ізденіске арқа сүйеп келе жатқанын осы қарапайым мысалдың өзі-ақ аңғартады.

– Облыс бірнеше жылдан бері Астана мен Алматыдан кейін еліміздегі IT-индус­трияны дамыту бойынша үздік үштікке енді. Бірақ, біздің мақсат соңынан еру емес, бірінші болып, жаңа тренд қалыптас­тыру, – дейді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Спикердің айтуынша, өңірде осы межеге жетуге толық мүмкіндік бар. Мұнда іске қосылған көптеген жобалар қазірдің өзінде басқа аймақтардың назарын аударып отыр. Соның ішінде – ақылды тұрақ жүйелері мен жасыл желектерді есепке алудың цифрлық сервисі.

– Бүгін біз сынап көріп жатқан технологияларды ертең Қазақстанның өзге өңірлері енгізуі әбден мүмкін. Қарағанды соңғы жылдары нағыз цифрлық инновация алаңына айналды, – дейді ол.

Сурет ЖИ

«Көрінбейтін көмекші»

Көпшілік назарын аударған тағы бір жоба – полицияның жедел жұмысын түбегейлі өзгертетін интеллектуалды бейнесарап жүйесі. Қылмыстың алдын алудағы «көрінбейтін көмекші» тәртіптің тынысын қадағалайды. Облыс орталығында жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған 60 шақты камера жұмыс істеп тұр. Олар адамдар көп жүретін орындар – аялдамалар, «Сарыарқа» әуежайы, теміржол вокзалдарына сәтті орнатылған. Камералар адам ағынына қарапайым бақылаушы көзбен емес, ақылды жүйе­нің дәлдігімен қарайды: азаматтардың жүзін таниды, агрессивті мінез-құлық белгілерін ажыратады, адамдар шектен тыс шоғырланған сәттерді тіркейді. Ең бастысы, күмәнді жағдай анықталса, жедел қызметтерге лезде дабыл береді.

– Жыл басынан бері бейнесараптама жүйесінің көмегімен 49 құқық бұзушы анықталып, ұсталды, – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің бас­тығы Негмет Исмагулов.

Мұның бір дәлелі – сапаржай аумағындағы камералардың жұмысы. Жүйе пробациялық бақылауда жүрген, сот шешіміне қарамастан Павлодар облысынан өз бетінше шығып кеткен ер адамды дәл тауып берген. Басқа оқиғада алименттен жалтарып, бірнеше ай бойы бой тасалап жүрген Қостанай облысының тұрғыны анықталып, қолға түскен. Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері атап өткендей, жасанды интеллект элементтері бар технологияларды қолдану профилактикалық жұмыстың тиімділігін айтарлықтай арттырды.

Қыркүйектен бері аймақта «Өнімдер бағасын мониторингтеу» атты пилоттық жоба жұмыс істеп келеді. Жасанды интеллект дүкендерден түсетін күнделікті деректерді сараптап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құбылмалы бағасын бақылап отырады. Жүйе нарықтағы өзгерістерді жай ғана белгілеп қоймайды, азықтүлік бағасында әдеттен тыс ауытқу байқалса, жауапты органдарға дереу сигнал береді. Осылайша ЖИ талдауы әкімдікке бағаны тұрақтандыру тетіктерін дер кезінде қолдануға мүмкіндік береді. Жоба, әсіресе, зейнеткерлері көп, әлеуметтік осал санаттағы отбасылары бар өңір үшін айрықша маңызға ие. Бағаның кенет көтерілуі ең алдымен соларға ауыр соғатынын ескерсек, жасанды интеллект мұнда жай технология емес, тұрғындардың тұрмысын қорғайтын нақты құрал деуге келеді. Осылайша облыс цифрлық бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті күшейтудің жаңа моделін қалыптастырып келеді.

29 жоба, бір мақсат

«Террикон алқабы» IT-хабында жасанды интеллектінің нақты қолданылуына арналған ауқымды воркшоп шеңберінде жиналған жастар мен мамандар заманауи технологияның қыр-сырын, болашақ кәсіптер әлеміне бір адым жақындай түсті. Облыста STEM және PBL тәсілдерін (роботтехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу) үйірмелер мен қосымша білім беру орталықтарына енгізуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Жергілікті тұрғындарға да қолайлы шешімдер жетіп артылады. Мәселен, Smeta Hub деп аталатын жасанды интеллектіге негізделген жаңа қосымша жөндеу жұмыстарына смета есептеуге, құрылыс материалдарының өзіндік құнын салыстыруға және мердігерлердің жұмысын бақылауға септеседі. Енді бұрынғыдай сағаттап баға іздеп, шот түгендеудің қажеті жоқ. Зияткерлер ұстаханасы атанған Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университет те жаңа дәуірге бет бұрған. Оқу орны өнеркәсіптік кәсіпорындарға қажет жасанды интеллект мамандарын даярлауда белсенді. Геологиядан металлургияға де­йінгі салаларға ЖИ-ді енгізу үшін маман тапшылығы сезілгенде, дәл осы университет аймақтың сенімді тірегіне айналып келеді.

Аймақтың ірі өндіріс ошақтары металлургия мен тау-кен саласы да жасанды интеллектіге есік ашып, модернизацияның жаңа деңгейіне көтерілуде. Биыл аймақта цифрлық элементтері бар 29-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асуда. Мақсат айқын: Қарағандыны Орталық Азиядағы цифрлық құзыреттер орталығына айналдыру, әрі IT-қызметтердің экспортын арттыру. Цифрлық хабқа айналған аймақ дегенімізде, бір кезде тек өндіріс қуатымен мақтанған өңір бүгінде технологиялық жаңғырудың алдыңғы легіне шығып келеді.

Толас

Бәз-баяғыдан бері мұнда террикондар қарауытады. Дымын ішіне жасырған, от пен көмірдің жалынынан туған қара пирамидалар еңбектің де, тауқымет пен тарлан жылдардың да үнсіз айғағы. Сөйт­сек, баяғы шаршаған шахталар да терең дем алғандай: енді бұл өлке бұрынғыдай көмір ғана емес, жарқын болашақты өндіре бастады. Қарағанды талайлы тағдырынан мейірім сұрайтын шақтан өтіп, енді өз жолын өзі қалыптастыра білді. Серверлік бөлмелердің тына қалған тынысында жасанды интеллектінің иірімді үні жолдың ой-шұқырын анықтайды, қаладағы жүздерді ажыратады, нан бағасының қымбаттайтынын алдын ала ескертеді. Тіпті, жүргізушіге сыбырлағандай: «Жеті секундтан соң жасыл жанады…» дейді. Бәрінен де әсерлісі – осы өзгерістердің үнсіздігі. Игілікті инновация өмірге тым баяу, бірақ нық еніп келеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button