Қарағандыда жасанды интеллект экономиканың негізгі құралына айналуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы – жаңа дәуірге бастау болған тарихи үндеу. Президент Жолдауының жарқын жолдарында кәсіпкерлікке ерекше екпін беріліп, берекелі бизнес ұлттық экономиканың тірегі, қоғамның өркендеу өзегі көрініс табады. Жаһанда жасанды жадының салтанат құрар уағында таңдаулы тақырып зер салып, зерделеуді қажет ететіндей.

Бір қосымша, мың мүмкіндік
Қарағанды кәсіпкері болса, өңірін көмір мен металлургияның ғана емес, үр жаңа сандық экономиканың да орталығына айналдырып келеді. Әсілі, кәсіпкерлікті қолдау мен салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру үрдісі басым бағыт ретінде аталып жатқанда аймақ тынысы «Ескі индустрия – жаңа технология» қағидатының шеңберінде өрбитіні қапысыз шындық. Задында, ендігі Қарағандыны бұрнағы ауыр өндіріс аймағы деп қана сипаттау екі бастан қате болар еді. Соңғы жылдар мұғдарында өңір кәсіпкерлері сандық құралдарды белсенді енгізіп, бәсірелі бизнесті тұғырлы да мінберлі деңгейге ойыстырып келеді. Облыстағы әлеуетті IT-хаб осы шақта жүздеген жас маманды, стартап иелерін және өнеркәсіп кәсіпорындарын бір алаңға тоғыстырып та үлгерген. Өңірдегі цифрлық кәсіпкерліктің жарқын бір мысалы – Emenu қызметі. 2014 жылы жергілікті жас кәсіпкерлердің зият бастамасымен құрылған мұндай тағам жеткізу платформасы бүгінде 15 қалада қанатын кең серпіді. Биыл маусым айында «Grand Games» компаниясы аталған сервистің 75 пайыз үлесін сатып алып, жобаны ұлттық деңгейге бірақ шығарды.
Ай сайын шамамен 30-60 мың тапсырыс қабылдайтын санды қосымша енді жасанды жады негізіндегі логистика мен автоматтандыру жүйесін енгізіп жатыр. Мұны біз қарапайым стартаптың ұлттық брендке айналуының айқын дәлелі дейміз.
Технологияның тиімді тұсы
Мемлекет мінбері де сыбағалы бизнеске қызмет ету тәсілін біртін-біртін түбегейлі өзгертуде. Бүгінде 92 пайыздан астам мемлекеттік қызмет онлайн форматқа көшірілді. Елге аты мәшһүр eGov.kz пен eGov Mobile платформалары арқылы кәсіпкерлер салық, лицензия, тіркеу секілді әкімшілік рәсімдерді бірнеше мезетте шеше салады қазір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа Салық кодексі қабылданып, есеп беру формаларының 30 пайызға қысқаруы кәсіпкерлер үшін айтарлықтай жеңілдік сыйлады. Мұндай кешенді шаралар бизнесті дамытуға қолайлы экожүйе қалыптастырып, өңір кәсіпкерлерінің жаңа идеяларды батыл іске асыруына даңғыл жол ашып отыр. Иә, сандық серпін қала, аудан, ауылды талғамайды. Дегенмен, цифрлық дамуда аймақаралық теңсіздік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, моноқалаларда интернет инфрақұрылымы мен кадр тапшылығы әлі де арагідік аңдалып қалады. Осы албарда билік тарабы мен бизнестің серіктестігі әлі де қажет сынды.
Қызылорда өңіріндегі қызғылықты тәжірибе назар аударуға тұрарлық. Биыл көктемде БҰҰ мен Корея Республикасының қолдауымен 160-тан астам кәсіпкерге арналған AI және e-commerce, Digital Kyzylorda сынды курстар өтті Сыр елінде. Мұндай үлгі Қарағандыда енгізілген болса, қыр кәсіпкерлерінің де әлеуетін сатылап арттыруға мүлтіксіз мүмкіндік болар еді деген тосын ойға табан тірейміз. Болашақ – жасанды жадының шексіз дәуірінде екендігін саналы жан мойындаса керек-ті.
Қазақстан Республикасы бүгінінің өзінде сандық экономиканы дамыту бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкімет индексінде 24 орынды еншіледі. Ал, «Astana Hub» технопаркі 28 елдің 1300-ден астам стартабын біріктіріп отыр. Былтыр ғана осы саладағы венчурлік инвестициялар көлемі 250 миллион долларға жеткен. Қарағандының өзінде де алдағы жылдары IT-хабтар желісін кеңейту, агроөнеркәсіп пен өндіріс саласында жасанды интеллектті енгізу жоспарланған. Мемлекет тарабы 2029 жылға дейін 20 мың жаңа IT-маман даярлауды көздейді. Қарағандының цифрлық серпіні – бүкіл елдің даму бағытының көшелі көрінісі. Индустриялық дәуірден цифрлық экономикаға өткен аймақ бүгінде жаңа буын кәсіпкерлерінің айнасына айналды. «Қарағанды кәсіпкерлері цифрлық дәуірге қадам басты» деген сөз енді ұран емес, шынайы өмір шындығы.
Адам және алгоритм
Сандық дәуірдің екпіні адам еңбегін алмастырып қана қоймай, оны жаңа биіктерге жетелеуде. Кеше ғана шағын дәмхана ашуды армандаған жас кәсіпкер бүгін өз бизнесін жасанды интеллект арқылы басқарып отыр. Бастысы, бағдарлама емес, бағдар. Ал, бағдар – білімде. Цифрлық сауаттылық ендігіде әр кәсіпкердің табыс кілтіне айналды. Қазірдің өзінде жас кәсіпкерлердің ойы мен орамы тым бөлек. Олардың басты капиталы – идея. Сол идеяны іске асыруға мемлекет тарапынан қолдау бар, қоғам тарапынан сенім де бар. Қарағандының цифрлық болашағын қалыптастырып жүрген жастар бүгінде ел экономикасының жаңа беттерін жазып отыр. Әрбір стартап – Қазақстанның инновациялық жолындағы ізгі із. Ал, ертең баянды бастамалар аймақтың ғана емес, тұтас елдің технологиялық брендіне айналарына сенім мол. Әрине, технологияның дамуы тек өндіріс пен бизнестің көрсеткіші емес. Ол – қоғамның жаңа мәдениетінің бастауы. Қызмет көрсету мәдениеті өзгереді, тұтынушы талғамы түрленеді, еңбек нарығы жаңаша сипат алады. Бүгінгі таңда цифрлық сауаттылық ауыл кәсіпкерлеріне де қажет. Ғаламторы бар ауыл – өмірі бар ауыл. Сондықтан, цифрлық теңсіздік тек техникалық мәселе емес, әлеуметтік әділеттің өлшемі. Біз индустрия дәуірінен цифрлық ғасырға өттік. Бірақ, кез келген технологияның өзегінде – адам ақылы мен ізгі ниет тұруы шарт. Болашақтың кәсіпкері тек табыс табушы емес, қоғам дамуына үлес қосушы тұлға болуы тиіс. Қарағандының бүгінгі серпіні – ел ертеңінің айғағы. Ал, жасанды интеллект пен адам интеллектінің үйлесімі – жаңа Қазақстанның жаңа келбеті.
– Біздің шағын және орта бизнес – бұл 4 жарым миллионға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтып, елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған адамдар. Олардың табысы – бүкіл экономиканың келешегі. Сондықтан да, цифрлық құралдардың олар үшін нақты қолдауға айналып отырғаны ерекше маңызды. Біз көп жағдайда цифрлық платформаларды тек жас стартаптарға арналған кеңістік деп ойлаймыз. Алайда, біздің сауалнама нәтижесі керісінше – цифрландыру баршаға ашық екенін көрсетті, – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
Фермер мен финтех
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, кәсіпкерлер қолма-қол ақшамен жұмыс істеудің жаңа тәртібіне көшеді. Салық органдарына арналған есептерде жаңа жол пайда болады. «Алынған қолма-қол қаражаттың мақсаты туралы ақпарат» дейтін. Ал, шекті мөлшерлер өзгеріссіз қалады: шағын бизнес үшін – 20 миллион теңге, орта бизнес үшін – 120 миллион, ірі бизнес үшін – 150 миллион теңге. Соңғы жылдары ірі сомалар банктер мен реттеуші органдардың ерекше назарында бола бастағаны байқалады.
– Бұл өзгерістердің барлығы цифрландыру үдерісінің айқындығын арттыру, аударымдар мен транзакцияларды электронды форматқа көшіру үшін жасалып отыр. Өйткені, мұндай жүйе арқылы бақылау жеңілдейді, көлеңкелі айналымға кету қиындай түседі. Жалпы алғанда, осындай бастама көлеңкелі экономиканың көлемін айтарлықтай азайтуға оң әсер етіп келеді деп күтеміз, – деген ой тұжырады қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.
Ендігіде банктер төлем мақсаты күмәнді көрінген жағдайда қолма-қол қаражат беруден бас тартуға құқылы. Ең бастысы, бас тарту туралы шешімге шағымдану тәртібі қарастырылмаған. Осындай апелляция тетігінің болмауы тек бизнес өкілдерін ғана емес, заңгерлерді де алаңдатып отыр. Олар Конституцияға сай әр азаматтың сот арқылы қорғану құқығы сақталуы тиіс екенін еске салады. Қош, сандық тетікке қайта оралсақ, облыста агротехнологиялық хаб құрылады. Бұл орталықта озық ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары мен бизнес-платформалар шоғырланатын болады. Жаңа хаб ауыл шаруашылығындағы инновациялық өсімнің қозғаушы күшіне айналып, өнімнің сапасы мен өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталмақ. Сонымен қатар, ол білім мен технологияларды экспорттауға арналған алаң ретінде қызмет етпек, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.
Ілгеріге ілгешек іздеп тауып, уақыт дөңгелегі енді өндіріс пен интеллектті, еңбек пен алгоритмді тоғыстырып отыр. Сандық сана – жаңа игілік бастауы. Ал, сол сананың иесі – адам. Даңғайыр дәуірдің басты капиталы енді темір мен тас емес, идея мен инновация. Қарағандының цифрлық қадамы – елдің ертеңіне салынған сенім көпірі. Әр стартап, әр қолданба, әр батыл бастама – тәуелсіз Қазақстанның кең тынысының айғағы. Болашаққа бағытталған бұл бетбұрыс – ұлттың өр рухы мен жаңғырған санасының жемісі. Өйткені, нағыз даму – технологияда емес, сол технологияны ізгілік жолында қолдана білуде деп кәміл пайымдаймыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


