Қарағандыда жасанды интеллект автотұрақты бақылайды
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті.

Келелі кездесуге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етіп, өзге жоғарғы оқу орындарының, облыстық басқармалар басшылары, аймақтың жетекші ғалымдары мен сарапшылары, оқытушылар мен студент жастар, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Зуум платформасы негізінде қала мен аудан әкімдері де белсене үн қатты. Негізгі мақсат – Президент Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық, цифрлық және әлеуметтік даму бағыттарын талқылап, Қарағанды өңірінде бірқатар бастамаларды іске асырудың тиімді тетіктерін нақтылау болды.
– Біз технология мен жасанды интеллект экономиканың қозғаушы күшіне айналып келе жатқан жаңа индустриялық дәуірге аяқ бастық. Өңір кәсіпорындарында цифрлық егіздер, техникалық көру жүйелері мен автоматтандырылған алгоритмдер қолданысқа енгізілуде. Бұл шешімдер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады, шығындарды азайтады және өңір өнеркәсібінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев сөз басында.

Шара барысында қатысушылар «Әділ экономика мен жаңа кәсіптің алаңы», «Жасанды интеллект және цифрлық индустрия», «Білім мен инновация синергиясы» секілді өзекті тақырыптар төңірегінде ой бөлісті. ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмалары еліміздің инновациялық және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
– Жасанды интеллект игілігін өндіріс үдерісін бақылау, жоғары технологиядағы сұранысқа ие бағыттарды зерделеу – университеттің күнделікті негіздегі айналысатын маңызды міндеті. Халықаралық деңгейдегі өзекті жайттарды кәдеге жарату әрқашан өзекті, – деп ой тұжырды Сәуле Саветқызы.
Бірқатар спикерлер мен сарапшылар өз салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, цифрлық трансформация, әділ экономика қағидалары мен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды. Сараптамалық кездесу соңында қатысушылар тараптарының озық ұсыныстары жинақталып, өңірлік деңгейде жүзеге асырылатын бастамалар пакеті әзірленді.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий Smart Region тұжырымдамасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, жасанды интеллект жолдардың жағдайын бақылауға, бағдаршамдардың жұмысын оңтайландыруға және жасыл желектерді есепке алуға мүмкіндік береді.
– Қазір біз автокөлік жүргізушілерінің күнделікті өмірін жеңілдететін жаңа жоба әзірлеудеміз. Жүйе қалалық бейнекамералар арқылы бос тұрақ орындарын автоматты түрде анықтап, деректерді навигациялық қосымшаларға жіберіп отырады. Тестілеу кезеңінде жоба өз тиімділігін толық дәлелдеді, – деп атап өтті Константин Ильницкий.

Ол бұл технологияның нақты жұмыс істеу үлгісін теміржол вокзалы маңындағы автотұрақ мысалында көрсетті. Кездесу соңында өңірдің ғылыми және білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлестері үшін және «Телекоммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, Cisco және Huawei академияларының әкімшісі Нұрбол Калиаскаров, «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Азамат Матаев, «Ақпараттық-есептеуіш жүйелер» кафедрасының оқытушысы, Жасанды интеллект жөніндегі зерттеу секциясының жетекшісі Марғұлан Нұртай Дәуітұлы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жасанды интеллектті дамыту жөніндегі аймақтық жоспар әзірлеуді, сондай-ақ ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы серіктестікті күшейтуді тапсырды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»


