Қарағандыда жасалған: жергілікті нан өнімдерінде жаңа логотип
Қарағандыдағы нан-тоқаш өнімдерін шығаратын жергілікті өндірушілер бұдан былай супермаркет желілеріне өнімдерін жаңа логотиппен сатылымға шығаратын болды. Осылайша, қала әкімшілігі тұтынушылар назарын аймақта өндірілетін өнімдерге аудартпақ.
Логотип – «Қарағандыда жасалған» деген атаумен әзірленген. Геологиялық басқару ғимараты мен Одақтар үйіндегі мозаика негізге алынған. Оны урбанистика орталығы арнайы жасапты.
– Біз Мұрат Қалқабаевтың абстрактілі композицияларымен қаламыздың ғимараттарындағы мозаикалардан шабыт алдық. Нәтижесінде абстрактілі суреттің стильдендірілген нұсқасы жасалып, «Қарағандыда жасалған» логотипі әзірленді. Түрлі-түсті элементтер мен жазуды қосу арқылы біз классикалық мозаиканы қайта ойластырып, оған жаңа визуалды көрініс бердік, – деді қалалық урбанистика орталығының мамандары.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz