Жаңалықтар

Қарағандыда жас құтқарушылар жарысы өтті

Қарағандыда қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында жас құтқарушылардың облыстық жарысы өтті. Оған Бұқар жырау, Осакаров, Шет аудандары және Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Саран қалаларынан келген  командалар қатысты.

– Бұл жарыстар жыл сайын өткізіліп тұрады және облыста дәстүрге айналды. Қатысушылар өзін құтқару және басқаларға көмек көрсету дағдыларын көрсетті. Оған әр адамды, әсіресе балаларды үйрету қажет, – деді ТЖ қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, жарыстың құрметті қонағы Мейрам Ысқақов.
Жарыс бірнеше кезең бойынша өтті. Командалар “жауынгерлік қанат жаю”, “табиғи орта жағдайындағы іздеу-құтқару жұмыстары” және “су айдынындағы құтқару жұмыстары” деген үш дистанция бойынша сынға түсті. Қатысушылар жарысқа дайындық кезінде көп нәрсені үйренеді. Олардың барлығы жеңіске жетуге бар күшін салуда.
– Біз Балқаштан келдік, командамызда 10 адам бар. Біз өз қаламызда жеңімпаз болдық және бүгін облыстық жарысқа келіп отырмыз. Осы сайысқа 3 апта дайындалдық. Өрт сөндіру бөлімінде және Балқаш көлінің жағасында оқу жаттығулар өткіздік. Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрендік. Бұл дағдылардың барлығы өмірде пайдасын тигізеді. Мен болашақта мен әскери адам немесе құтқарушы болғым келеді, – дейді Балқаш қаласының қатысушысы Төлеген Ыбрайымбек.
 Саябақта сондай-ақ апаттық-құтқару техникасы мен жарақтарының көрмесі ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – оқушыларды төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындау, азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау, жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс хаттар, дипломдар, естелік сыйлықтар мен медальдар табыс етілді. Үздік команда жеңімпаз Кубогын алады. Жеке кезеңдерде жүлделі орындарға ие болған қатысушылар құрмет грамоталарымен марапатталады. 

Басқа материалдар

Back to top button