Қарағандыда Жаңа жыл түні «102» жедел арнасына 847 хабарлама түсті
Қарағандыда жаңа жыл түні қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 2 мыңнан астам полиция қызметкері қызмет атқарды.

Жаңа жыл түні Қарағанды қаласында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды.
Мерекелік күндері құқық бұзушылықтарға жол бермеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адамдар көп шоғырланған орындар мен қала көшелерінде тұрақтылықты сақтау мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. 31 желтоқсан күні кешке Полиция департаментінің бастығы гарнизондық саптық таралым өткізіп, жеке құрамға жаңа жыл түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
— Мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік — біздің басты міндетіміз. Осыған байланысты әрбір қызметкерден жоғары қырағылықты, темірдей тәртіпті және қызметтік міндеттерді мінсіз орындауды талап етемін, — деді Қарағанды облысы ПД бастығы Негмет Исмағұлов.
Жаңа жыл түні «102» жедел арнасына әртүрлі сипаттағы 847 хабарлама келіп түсті. Барлық өтініштер полиция нарядтары тарапынан уақытылы әрі жедел қаралды.
— «102» арнасына түскен әрбір хабарлама назардан тыс қалмайды. Мерекелік түні түскен шақыртулардың басым бөлігі тыныштықты бұзу деректеріне қатысты болды. Барлық жағдайлар бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деп атап өтті Қарағанды облысы ПД Жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы Асанәлі Акимов.
Полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде жаңа жыл түні қала аумағында қылмыстар мен өрескел құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.
Қарағанды облысының полициясы тұрғындар мен өңір қонақтарына мерекелік күндері қоғамдық тәртіпті сақтағандары және өзара түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреді.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі



