Қарағандыда жаңа зауыттар мен жұмыс орындары ашылуда
Қарағанды облысы бүгінде еліміздің экономикасының тұрақты өсім қарқынын сақтап, жаңа өндіріс орындары мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.


Облыстың өнеркәсіп әлеуеті жыл сайын артып келеді. Саран индустриялық аймағында бүгінде автобустар, арнайы техника, тұрмыстық техника және автокөлік шиналары шығаратын кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары мұнда HOWO және SITRAK маркалы жүк көліктерін өндіретін «Saran Machinery» ЖШС жобасы іске қосылмақ. Жобаға 24 миллиард теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 1 000 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Сондай-ақ «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында да өндіріс қарқынды дамуда. Мұнда бүгінде 23 зауыт тұрақты жұмыс істейді. Олар арматура, құбырлар, ферросплавтар, латунь және резеңке-техникалық бұйымдар шығарады. Алдағы уақытта алюминий радиаторлары мен ферросиликоалюминий өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылмақ.

Өңірде машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарда бірқатар инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар облыстың экономикалық құрылымын әртараптандырып, экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашуда.
Аймақ басшысы өз сөзінде шағын және орта бизнестің де облыс экономикасындағы маңызына тоқталды:
– Шағын және орта бизнес саласында басты назар – өсу нүктелерін қалыптастыру мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Біздің облыс елімізде алғаш болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетті. Соның нәтижесінде салық төлеушілердің саны 30 есеге өсіп, бүгінде 4 мыңнан асты. Биыл арнайы салық режимі бойынша бюджетке 5,6 миллиард теңге түсті. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін де мәслихаттарға осы 2 пайыздық мөлшерлемені сақтап қалу жөнінде ұсыным бермекпіз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысында индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың дамуы жаңа өндіріс көздерін ашып қана қоймай, мыңдаған жұмыс орнын құруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz



