Жаңалықтар

Қарағандыда жаңа Салық кодексінің ережелері түсіндірілді

Қарағандыға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық ғылым және  білім департаментінің директоры Айхан  Сұлтан келді. Достық үйінде мемлекеттік органдар өкілдері мен өңірлік бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге және мемлекет жүргізіп отырған экономикалық саясатты талқылауға арналған келелі кездесу өтті.

Сурет автордан

Жиынды Ермек Амантайұлы ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, салық жүйесін жетілдіру және бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Келелі кездесу барысында министрлік өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған жаңа Салық кодексінің негізгі тұстарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, салық жүйесін оңтайландыру, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тартуды ынталандыруға бағытталған өзгерістерге баса назар аударылды. Кәсіпкерлерге салықтық әкімшілендірудің жаңа тәсілдері, корпоративтік табыс салығы (КТС), жеке табыс салығы (ЖТС), қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемелеріндегі өзгерістер, сондай-ақ, арнайы салық режимдерін оңтайландыру бойынша ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік сектор және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық салудың ерекшеліктері талқыланды.

Жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері дерлік қатысқан кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіруге әрі елдегі салық саясатының алдағы даму бағыттарын саралауға мүмкіндік алды.

Кездесу қорытындысында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері арасында өзара түсіністік пен сындарлы диалог орнағаны аталып өтті. Жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін уақытылы және жан-жақты түсіндіру – бизнестің бейімделу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы серіктестікке жаңа серпін беретін маңызды қадам. Мұндай ашық форматтағы кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, аймақ кәсіпкерлерінің құқықтық сауатын арттыруға, сондай-ақ елдегі салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталмақ.

– Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін еліміздің салықтық ландшафты айтарлықтай өзгереді. Әлбетте, мұнда кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ, бұл жаңалықтардың бәрі тек оң әсер береді деу тым біржақты пікір болар еді. Себебі, экономикалық нарық тірі организм секілді: үнемі қозғалыста, үнемі өзгерісте. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа ережелерге бейімделу үшін бизнеске уақыт қажет болады. Жүйе де, кәсіпкерлер де бой үйретуге мәжбүр. Басты назар аударатын жайт – қосымша құн салығының (ҚҚС) өсуі. Бұл өз кезегінде өнімнің түпкілікті құнын арттыруға тікелей ықпал етеді. Инфляцияның жоғарылауы қазіргі экономикалық жағдайдың шындығы, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, ауыл шаруашылығы саласына қатысты жағдай біршама тұрақты. Бұл салада мемлекет тарапынан бағаны ұстап тұру тетіктері қарастырылған. Ал, өңдеу өнеркәсібінде керісінше – шикізат пен энергия тасымалдау құны өсуіне байланысты, тауарлардың өзіндік құны еріксіз жоғарылайды. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін біршама сынақ болмақ, – дейді тәжірибелі салық консультанты Оксана Вавренюк.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button