Ресми

Қарағандыда жаңа сайлау учаскесі ашылды

Биылғы сайлау, өзге сайлаулардан мүлдем бөлек, алғаш рет өзгеше форматта өткізілсе, Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жаңадан бой көтерген, ашылғанына небары бір ғана жыл болған №103 мектеп-лицейінің ұжымы да алғаш рет сайлау науқанын өткізді. Осы орайда жаңадан бой көтерген шағынауданның тұрғындары үшін жаңа №789 учаскесі ашылған болатын. Сайлауға тыңғылықты дайындалған учаскенің жұмысына сайлаушылар да, бақылаушылар да дән риза.

Сайлау учаскесіне Байкен Әшімов, Бауыржан Момышұлы көшесі, Шапағат мөлтек ауданы, Республика даңғылы және қалалық әуежай ауданы аумағы қарасты. Тізімдегі 1725 сайлаушының елу пайыздан астамы түске дейін өз таңдауын жасап үлгерген.

«Учаске жұмысын бастаған сәттен халықтың легі көп болды. Алдымен дауыс бергендер ішкі істер органы мен әскери қызметкерлер, зейнеткерлер. Дауыс берушілер легі түске таман толастағанымен, түстен кейін де келушілер азайған жоқ» дейді аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Өмірсерік Несіпбаев.

Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғыны Мерекет Бетеров: «Сайлауға індет жағдайы болғандықтан, денсалық жағдайымызға алаңдауышылық танытып келгенімізбен, мектепке кірген беттен санитарлық қағидалардың сақталғаны көңілімізді тыныштандырды. Бұған дейінгі сайлауларда келушілер саны көбейгенде апыр-топыр болып кететін еді. Адамдар да биыл сақтық шараларын сақтауды түсінген. Уақытылы келіп, дауыстарын беріп жатыр. Комиссия мүшелері де әр сайлаушыға тақалып, жөн-жобасын көрсетуде. Биылғы сайлауға үлкен үміт артамыз. Өзіміз дауыс берген партия сенімімізді ақтайды деген ойдамыз. Отанымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін дауыс беруге келдік, – дейді сайлаушы Мерекет Бетеров.

Сайлаудың әділ өтуі үшін әр сәтті қалт жібермей қадағалап отырған 13 бақылаушы комиссия мүшелерінің жұмыстарына дән риза.

Әсел ТЕМІРЖАНОВА, «Таза сайлау» бақылаушылар ұйымының бақылауышысы:

– Бақылаушы ретінде таң қалысымды жасыра алар емеспін. Сайлау учаскесі өте жақсы дайындалған. Дауыс беруге келген әр адамға тақалып, түсіндіріп жатыр, бір де бір рет жанжалды жағдай орын алмады. Әуел баста бірінші рет ашылған учаске болғандықтан, жұмыстары қалай болады деген күмәнмен келген едім. Бірақ, ахуал өте жақсы. Бақылаушы ретінде кемшілік іздеп отырамыз ғой, бірақ, бір де бір рет заң бұзушылық болған жоқ. Бізді және сайлаушыларды жақсы қарсы алды.

Санитарлық қағида демекші, дауыс берушілердің дене қызуы өлшеніп, қолдары антисептикпен залалсыздандырылады. Ара қашықтықты сақтауы үшін арнайы белгілер орнатылған. Ал, алда-жалда қажет бола қалса, ақпарат  үшін қабырғаға сайлауда бәсекеге түсетін партиялардың бағдарламалары мен алдағы мақсаттары ілінген.

№789 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Өмірсерік Несіпбаевтың бұл сайлау нақуанына алғаш қатысуы. Небары 22 жастағы жас маман бұған дейін аптасына 2 рет Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде дайындықтан өткенін айтады. Жалпы, учаскедегі комиссия мүшелерінің әрқайсысы да алғаш рет сайлау науқаныны өткізіп отыр.

– Сайлаушылар мектепті келіп көріп, учаскемен танысып, ісімізге сәттілік тілеп жатыр. Осындай тарихи сәтпен құттықтап жатқандары да бар. Әрине, әр сайлаушының дауысы ел тағдырына әсері болатыны сөзсіз. Сондықтан, біз де осы сәтті сайлаушылар үшін барлық жағдайды жасауға тырысудамыз. Жалпы, сайлау үдерісінің қалай өтетінін ішінде жүріп өзім көріп жатырмын. Сайлау мен үшін тарихи сәт әрі үлкен өмірлік тәжірибе болды. Адамдармен қалай жұмыс істеуді, оларды қарсы алу, шығарып салуды үйрендік, сайлау ережесін, санитарлық нормаларды бұлжытпай орындап жатырмыз, – дейді Өмірсерік Несіпбаев.

 

Басқа материалдар

Back to top button