АймақБас тақырып

Қарағандыда жаңа Конституция жобасының маңызы түсіндірілді

Қарағандыда Конституциялық комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбековтың қоғам өкілдерімен кездесуі өтті. Жиында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы және оның елдің одан әрі дамуы үшін маңызы талқыланды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кездесуге саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мен жастар белсенділері қатысты. Ашық диалог барысында құжаттың негізгі нормалары мен жаңашылдықтары түсіндірілді. Олар әділдік, заңдылық және қоғамдық келісім қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сурет ұйымдастырушылардан

– Бүгінгі жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 15 наурызға белгіленген жалпыхалықтық референдумның маңызын түсіндіру болды. Аталған референдумда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі қаралады. Бұл – ел дамуы үшін стратегиялық мәні бар, бүгінгі күннің өзекті саяси оқиғасы. Президент жарлығы жарияланған күннен бастап жаңа Конституция жобасының толық мәтіні барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Құжатты жан-жақты зерделеп, халық арасында кеңінен талқылау үшін бір айдан астам уақыт беріліп отыр. Осы кезеңде бұған дейін азаматтардан түскен ұсыныс-пікірлердің қалай қаралғаны, жұмыс тобы мен реформалық комиссия аясында қандай талқылаулар жүргізілгені, жаңадан енгізіліп отырған баптар мен тармақтардың мазмұны, сондай-ақ Конституция преамбуласында айқындалған ұстанымдар жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деді Конституциялық комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбеков.

Кездесуде Жаңа Конституцияның саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, этносаралық бірлікті сақтаудағы және әлеуметтік-экономикалық дамуды ілгерілетудегі рөлі атап өтілді. Сонымен қатар, Негізгі Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін қалыптастырып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтетіні айтылды. Кездесуге қатысушылар жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды және алдағы республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. Олар ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауда азаматтардың белсенділігі аса маңызды екенін атап өтті.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Осындай кездесулер кәсіпорындарда, ұйымдарда және жастар арасында өткізілмек.

Мақаланың кеңейтілген нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqtan»  

Басқа материалдар

Back to top button