Қарағандыда жүрекшелер фибрилляциясына арналған жаңа ота әдісі енгізілді
Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасында жүрекшелер фибрилляциясын абляциялау бойынша жүрекішілік ультрадыбыстық датчик қолдану әдісі бойынша шеберлік сабағы өтті. Бұған дейін мұндай оталар кезінде дәрігерлер рентген-навигацияны пайдалануға мәжбүр болып, мамандар мен пациенттер айтарлықтай сәулеленуге ұшырайтын. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жүрекшелер фибрилляциясы – жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кең таралған патология. Абляция әдісі аурудың ақаулы бөлігін күйдіру арқылы емдеуге мүмкіндік береді. Енді жаңа жабдық рентген қолданбай-ақ ота жасауға мүмкіндік береді және жүрек қуысының ішінен тікелей алынған кескін арқылы жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге жағдай жасайды.

Шеберлік сабақты Новосібірден арнайы келген Илья Стенин өткізді. Ол аритмияны катетерлік әдіспен емдеу және Zero-fluoro технологиясы бойынша сарапшы болып табылады.

– Инновацияның мәні – жүрек қуысына тікелей енгізілетін ультрадыбыстық датчиктің арқасында біз жүректі нақты уақыт режимінде көре аламыз. Датчик өте шағын – диаметрі шамамен 5 мм ғана – және жоғары дәлдіктегі визуализация береді. Мұндай отадан кейін науқастардың басым бөлігінде аритмия жойылып, олар қалыпты өмірге қайта орала алады, – деді №2 көпсалалы аурухананың аритмолог-хирургі Нұрлан Елемесов.
Заманауи ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізіледі. Кезек күту мерзімі бір-екі айды құрайды. Мамандардың айтуынша, Қарағандыда халықтың 2–3%-ы жүрекшелер фибрилляциясынан туындаған аритмиямен ауырады, ал жаңа технология олардың көпшілігіне жүрек саулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



