Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда жұмысшы жастар марапатталды

Ауқымды шараға өңірдің ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірі компаниялардың өкілдері, тіпті Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және АҚШ елдерінен делегаттар келді. Форум аясында түрлі номинация бойынша еңбегі еленген тұлғалар мен жұмысшы жастар марапатталды.

Ауқымды шара еңбек саласындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіпорындар, оқу орындары мен жас мамандар арасында байланыс орнатуға тиімді алаң болды. Өндірістік өңірдің жан-жақты дамуына қосымша серпін берген жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген жұмысшы жастардың мол үлесін маңызын атап өтті.

– Жас мамандар өнеркәсіпті, энергетиканы, көлікті, құрылыс салаларын және басқа да маңызды салаларды дамытуға үлес қосуда. Форумға қатысушылардың жасы 35-ке дейін, бірақ ең бастысы – жастың мөлшері емес, жастық күш-жігерде. Сіздер тәуекелшіл, өсуді, дамуды қалайтын және жауапкершіліктен қашпайтын жансыздар. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» жас мамандардың ел болашағына қосатын маңызын айқындайды, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды өңірі – Қазақстанның өндірістік аймағы. Мұнда мыңдаған зауыттар мен фабрикалар бар, онда 130 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал 85%-ын жұмысшы мамандықтары құрайды. Солардың ішінде 23 мыңға жуық жас маман бар екен.

– Бұл – үлкен әлеует. Біз жас мамандар үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз. Жастарды жұмысқа орналастыру, лайықты жалақы мен әлеуметтік пакет – бұл тек сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жатқан жоспарлар. Кәсіптік бағдардан бастап жұмысқа орналастыруды қолдауға дейінгі даму жоспары іске асырылуда. Алға қойған міндеттер – өңіріміз үшін ауқымды әрі маңызды. Қазіргі уақытта еліміздің дамуы үшін көп мүмкіндік жасалуда, – деді өңір басшысы.

Өңірде жұмысшы жастарды мақсатты даярлау жүйесі де қарқын алды. Олар кәсіпорындардың тапсырысы бойынша дайындалады. Аймақтағы ірі кәсіпорындар қатарында Қазтехна, Қармет, ҚТЖ, кәсіпорындары, Имстальком т.б. бар. 38 колледж дуальды оқытуды жүзеге асыруда.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл өңірде 39 жаңа жоба басталып, 21 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Зауыттар мен компаниялардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған Кадрларды даярлаудың 23 жол картасы бекітілген. Жұмыс орындарынан бөлек, жастар үшін басқа да маңызды мәселелер де шешімін тапқан: тұрғын үй, білім беру, кәсіпкерлік. – Жас мамандар үшін бағдарламалар мен модификациялар жалғасуда. Үш жыл ішінде 300-ден астам несие берілді. Енді жаңа жұмысшылар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында толыққанды жұмысқа кірісті, – деді Ермағамбет Қабдулаұлы.

Форум аясында жұмысшы жастар мен еңбегі еленген әулет, еңбек адамдары марапатталды. «Еңбек даңқы» III дәрежелі медалімен Алмагүл Қырықбекова, «Ең үздік еңбек әулеті» номинациясымен Шахтинск қаласынан Волокитиндер отбасы, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Балқаш қаласынан Ерлан Сыздықов марапат алды.


Ал «Өндірістегі үздік жас жұмысшы» номинациясы Қарағанды қаласы ҚТЖ компаниясында жүргізуші-инженер Жұлдызай Байдүйсенге берілді. «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің Құрмет грамоталарымен Ксения Қараваева мен Шарбану Калманбаева марапатталды.


Сондай-ақ «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы он еңбек ардагеріне төсбелгі табыстады.


Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров аймақтық «Жасыл ел» штабының ерекше көзге түскен 15 қатысушысын марапаттады.

«Өндірістегі үздік жас жұмысшы» атанған Жұлдызай Байдүйсен кез келген салада бағы жану адамның өзіне байланысты дейді. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде «станция кезекшісі және өткел кезекшісі» мамандықтары бойынша білім алған. Мұндай саланы таңдауына отбасының әсері мол болыпты. Әкесі мен ағасы темір жол саласында қызмет етеді екен. Теміртаудағы «Жаңа ауыл» станциясында еңбек жолын жүк пен багаж қабылдау датчигі болып қарапайым жұмысшы мамандығынан бастаған ол кейін тасымал құжаттарын өңдеу операторы қызметіне жоғарылаған. Жалынды жас маман қазір ҚТЖ-да бір жарым жылдан бері жетекші инженер-технолог болып жұмыс істейді. Айтуынша, жұмысшы жастар үшін болашақ бар.

– Біздің ұжым жастарға әрдайым қолдау көрсетеді. Дегенмен, әр салада бағы жану адамның өзіне байланысты. Егер сіздің ұмтылысыңыз болса, басшылық оны міндетті түрде байқайды, әрі қарай сізге қолдау көрсетеді. Мен де сондай қолдауды сездім, – деді Жұлдызай Байдүйсен.

Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарының беделі артып келе жатқанын айта келіп, жалақы да жоғарылағанын тілге тиек етті.

Форум аясында «Kemel Keleshek – 2025» байқауының қорытындысы бойынша үздік қызметкерлер, жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.


Ауқымды шара түрлі тақырыптық секциялық отырыстар мен мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын таппақ.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button