Қарағандыда жұмысшы мамандықтарының келешегі талқыланды
Қарағанды қаласында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтарының болашағы: трендтер мен перспективалар» тақырыбында JastarХ атты диалог алаңы өтті. Іс-шараға сарапшылар, жұмыс берушілер мен жастар қатысып, еңбек нарығындағы өзекті үрдістерді, кәсіби білім берудің маңызын және оның болашақтағы бағыттарын талқылады.

Шараға колледждер мен лицейлердің өкілдері, өңірлік жастар ресурстық орталықтары, салалық мамандар және белсенді жастар қатысты. Түрлі сала мамандары жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы, өндірістік сектордағы жастардың рөлі мен кәсіби бағдар берудің заманауи тәсілдері жөнінде тәжірибе бөлісті.
Кездесу барысында еңбек тәрбиесі, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен сәтті жүзеге асқан жобалар мен тәжірибелерді көрсету мәселелері басты тақырыптардың бірі болды.
Диалог алаңы Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – техникалық және өндірістік мамандықтардың беделін арттыру.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА