Қарағандыда Зекен Рахимов атындағы V республикалық волейбол турнирі басталды
Қарағандыда білім беру саласы қызметкерлері арасында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зекен Рахимов атындағы V республикалық волейбол турнирі басталды. Бұған дейін облыстық деңгейде өтіп келген бұл дода биыл алғаш рет республика көлемінде өткізілуде. Ашылу рәсіміне облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл бесінші мәрте шымылдығын түрген турнир жай ғана спорттық сайыс емес, кәсіби білім беру саласы мамандарының өзара ынтымақтастығын бекемдеп, салауатты өмір салтын кеңінен дәріптейтін айрықша шараға айналды. Елімізде алғаш рет республикалық деңгейде өткізіліп отырған додаға бес облыстан 21 команда қатысып, екі күн бойы өз шеберлігін сынға салмақ.


– Әуелі сіздерді күні кеше «WorldSkills Kazakhstan 2025» X республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жүлде алып келген облыстық команданың жеңісімен құттықтағым келеді. Біздің команда жеңіске бір табан жетпей жүлделі ІІІ орынмен оралды. Былтыр дәл осы чемпионаттан қомандамыз тек бір алтын ғана алып еді. Биыл бес алтын, жеті күміс және 14 қола жүлде алып, үлкен көрсеткіш көрсетті. Бұл дегеніңіз, өңірдегі кәсіптің білімберетін оқу орындарының білім сапасының жоғары екендігінің айғағы. Жалпы, кәсіптік саланың дамуына үлкен үлес қосқан жандардың көш басында Зекен Рахымұлы тұр. Ол кісінің еңбегін сала мамандары ешқашан ұмытпайды. Әрі ешқашан ұмытылмайды да. Мен ол кісінің тәрбиесін көрдім. Шамалы уақыт бірге жұмыс жасадым. Сол кісіден алған білімімді, тәлім-тәрбиемді күні бүгінге дейін өмірлік жолымда қолданып келемін, – деді Дулат Шайкенұлы.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



