Бас тақырыпБасты тақырыпБілім

Қарағандыда үздік ұстаздар марапатталды

Қарағандыда Мұғалімдер күніне арналған «Ұстазыма алғыс» атты салтанатты шара өтуде. Бұл күні мұғалімдердің қоғамды дамытудағы ерекше рөлі мен еңбегі, өлшеусіз үлесі айтылуда. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және оқытуға өмірін арнаған педагогтер ұлықталуда. Білім саласы қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтады. 

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

– Бүкіләлемдік Мұғалімдер күні Қазақстанда ғана емес, әлемнің 100-ден аса елінде тойланады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ұлт болашағы – ұстаздардың қолында. Әділетті қоғам құратын адал, отаншыл, еңбекқор, білімді ұрпақты сіздер тәрбиелейсіздер. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Мұғалім қандай болса – мектебі де сондай болмақ” деген сөзі еске түседі. Бұл сөздің қарағандылық мұғалімдерге тікелей қатысы бар. Өйткені, өңіріміздің ұстаздары кәсіби беделімен танылып, шәкірттерін биік жетістіктерге жеткізіп келеді. Биылғы олимпиадалардағы жетістік оның айқын дәлелі. 2024-2025 оқу жылында халықаралық және республикалық білім сайыстарында, шығармашылық және ғылыми байқауларда үздік оқушылар жалпы 182 медальді қанжығасына байлады. Осындай білімді, талантты  жастарды тәрбиелеп өсірген ұстаздарға мың алғыс, – деді Әлібек Әлденей. 

Салтанатты жиынға педагогикалық еңбектің ардагерлері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.

Сондай-ақ аудандық және қалалық әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, мектеп пен колледж директорлары, әдіскерлер, педагогтер мен тәрбиешілер қатысты.

Белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Шапағат» медалімен Қарағанды қаласының «Нәзік» балабақшасының тәрбиешісі Ирина Қабылова марапатталды. 

Бірнеше мұғалімдерге білім беру саласындағы ерекше еңбегі мен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін  Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері»  және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. 

Ұлағатты ұстаздарға Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін Қарағанды облысы әкімінің гранты берілді. Биыл грант көлемі екі есеге ұлғайып, 3 миллион 145 мың теңге болды. «Қарағанды облысының білім беру саласының Құрметті педагогі» төсбелгісімен және облыс әкімінің грантымен білім саласында 50 жылдан астам қызмет еткен Рая Елеусізова, облыс мектептерін педагог кадрлармен қамтамасыз етуге зор үлесін қосқан Биғайша Манкенова, республикадағы алғашқы «Сынып тәрбиешілері институтының» негізін қалаушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Надежда Хван, Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінің өндірістік оқыту шебері Ержан Смойлов және облыс бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Ирина Киселева марапатталды.

Мерекелік кеште «Ұстаздың шапағаты» әдеби-хореографиялық композициясы ұсынылды. 

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Back to top button