Руханият

Қарағандыда Өзбекәлі Жәнібекке арналған тұңғыш қойылым аншлагпен өтті

Кейінгі жылдары тарихи тұлғалардың өмірін өнеге етіп, театрда сахналау игі үрдіске айналып келеді. Өз саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет қылған сондай өр тұлғаның бірі әрі бірегейі – Өзбекәлі Жәнібек. Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының бастамасымен мәдениет қайраткеріне арналған тұңғыш қойылым көрермен назарына ұсынылуда.

Сурет ұйымдастырушылардан

Күні кеше Арқа жеріне гастрольдік сапармен келген ұжымды қарағандылық көрермен ерекше ықыласпен қарсы алды. Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының үлкен залы лық толып, қойылым аншлагпен өтті. Басты рөлді сомдаған Диас Жағыпаров көрерменге Өзбекәлі Жәнібектің тұлғалық болмысын, елдік жолындағы ерлігін ерекше сомдап, көрермен көңілінен шықты.

Қойылым тұлғаның өмірі мен қоғамдық қызметін арқау етіп, сол кезеңнің тарихи шындығын көркемдікпен өрнектеді. Көрерменді терең ойға жетелеген туындыда Өзбекәлі Жәнібектің ел игілігі жолындағы еңбегі кеңінен көрініс тапты.

Кеңестік дәуірде қазақ жастарын білім мен мәдениеттен алыстатып, колхоз жұмысына үгіттеген саясатқа қарсы тұрған қайраткер ұлт болашағының қамы үшін күрескенін білеміз. 1970 жылы Торғай облысы құрылғанда, Өзбекәлі Жәнібек қызметі төмендеп, айдауға ұшырайды. Торғай өлкесінде қызмет қылған үш жыл ішінде Арқалық қаласында қазақ драма театрын, мұражай, филармония мен педагогикалық институт сияқты мәдени нысандарды ашып, аймақтың мәдени өмірін түлетті.

– Қойылымның басты мақсаты – тек Өзбекәлі Жәнібектің болмысын таныту емес, сол дәуірде ұлт рухын ұлықтаған тұлғалардың идеясының өміршеңдігін дәлелдеу. Абай айтқандай, «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген сөз бүгін де өзекті. Бүгінгі жастар да сол өр тұлғалардың өмірінен өнеге алып, елге қызмет етуге ұмтылса дейміз, – дейді қоюшы режиссер Берікқан Төкенов.

Сахналық туындының сценарийін Жандос Құсайынов жазып, жобаға Қайрат Кенжебекұлы жетекшілік етті. Қойылым соңында залдағы отырған жұртшылық көзіне жас алып, тебіреніс үстінде қошемет көрсетті.

Өзбекәлі Жәнібек – ұлттың рухын тірілткен тұлға. Оның өмір жолы – елге адал қызметтің, қайсарлық пен парасаттың айғағы. Осындай сахналық туындылар арқылы өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыру мәдениет пен руханияттың басты міндеті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button