Қарағандыда запастағы офицерлерге кезекті әскери атақтар берілді
Қазыбек би ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде запастағы әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар табысталды. Аталған рәсім биыл тамыз айында армиялық далалық оқу-жаттығудан өткен азаматтарға орай ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу жиыны Қорғаныс министрлігінің Қарағанды маңындағы «Спасск» полигонында ұйымдастырылды. Оған Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарынан шақырылған шамамен 1300 әскери міндетті азамат қатысты. Әскери жиын бір айға созылды.
Запастағы офицерлер мен сержанттарды Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің әскери кафедрасының бастығының орынбасары, запастағы полковник Ержан Шадыров құттықтап, атақтарын табыс етті

Жиын қорытындысында запастағы бірқатар офицерлерге кезекті әскери атақтар берілді. Солардың бірі – «Qarmet» АҚ-да еңбек ететін 27 жастағы Қуандық Қуанышпекұлы. «Бұрын мұндай оқу-жаттығуларға аса мән бермейтінмін. Ал, өз көзіммен көріп, қатысқан соң, оның қажеттілігі мен маңызын түсіндім. Бұл кәсіби тұрғыдан да, азаматтық жауапкершілік тұрғысынан да пайдалы тәжірибе болды», дейді ол. Ол оқу-жаттығу барысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағыты бойынша қайта даярлықтан өтіп, запастағы аға лейтенант атағына ие болды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



