Қарағандыда ғылым мен индустрияны біріктірген QarTech хабы таныстырылды
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Ғылым мен технологиялар жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Іс-шара барысында өңірлік инновациялық-индустриалды QarTech хабы таныстырылды. Кеңесте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты.

QarTech – Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өткен жылы құрылған Қазақстандағы алғашқы өңірлік инновациялық-индустриалды хаб. Ол ғылым, өндіріс және мемлекеттік секторды біріктіріп, өңірдің стратегиялық маңызды бағыттары бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, тау-кен және металлургия, көмірхимия және жаңа материалдар, индустрия 4.0 және автоматтандыру, экология және қалдықтарды басқару салаларын қамтиды.
– Бүгінгі таңда ғылымды, технологияларды және инновацияларды дамыту өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қарағанды облысы дәстүрлі түрде еліміздің ірі индустриялық орталығы саналады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – ғылым жетістіктерін, цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды өндіріс саласына енгізу арқылы өңір экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтеру. Өңірде инновацияны одан әрі дамыту және оны экономиканың нақты секторымен интеграциялау аясында бірқатар шаралар қабылдануда. Ғылым және инновацияларды дамыту мәселелері менің төрағалығымен тұрақты түрде осы кеңестің отырыстарында қаралатын болады. Инновацияның дамыту индикаторлары – облыстың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілді. Ғылыми жобаларды іске асыруды ынталандыру мақсатында гранттық қаржыландыру бойынша жеке облыстық бюджеттік бағдарлама ашылды. Корпоративтік акселераторлар мен хакатондар тұрақты негізде жүргізіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткен жылы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Qarmet» және «Kazakhmys» сияқты жүйе құраушы кәсіпорындардың қатысуымен 2 хакатон өткізілді. Жалпы ғылыми жобаларды іске асыру үшін 2025-2027 жылдары облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге көлемінде қаржы көзделген, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Кеңес барысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова өңірдегі жоғары білім, ғылым және индустрия салаларының өзара ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қарағанды облысында жоғары білім, ғылым және индустрия салаларының өзара байланысы белсенді түрде дамып келеді. Ғылым мен технологиялар жөніндегі кеңес тұрақты түрде жұмыс істейді. Бүгінде біз өңірлік «QarTech» хабының қабырғасында тұрмыз, ал алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар өте көп. Айта кету керек, Қарағанды облысы үлкен адами әлеуетке, соның ішінде ғалымдарға бай өңір. Қазіргі таңда өңірде 1700-ден астам ғалым еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жас ғалымдар. Олар бүгінде жас ғалымдарға арналған конкурстар аясында, «Жас Ғалым» жобалары бойынша және басқа да бастамалар арқылы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып жатыр. Жалпы, ғылым саласының жасарып келе жатқанын байқауға болады. Егер 2-3 жыл бұрын еліміздегі ғалымдардың орташа жасы 50-ден асса, бүгінде бұл көрсеткіш 42 жасқа дейін төмендеді. Яғни жастар ғылымға сенім артып, белсенді түрде келе бастады. Сондықтан, ғылыми жобалар мен идеяларды жүзеге асыруда үлкен үміт бар, – деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
Хабтың қазіргі қызметі мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева баяндады. Оның айтуынша, университет өңірдегі индустриалды инновациялардың негізгі платформасына айналып отыр.– Қарағанды облысы ел экономикасында маңызды орын алады: жалпы ішкі өнімнің 7%-ын қамтамасыз етеді, ал өңірлік өнімнің 40,8%-ы өнеркәсіпке тиесілі. 2022-2024 жылдары 3,1 трлн теңге инвестиция тартылып, оның 62,3%-ы өндіріс саласына бағытталған. Университетте 587 оқытушы, 9 200-ден астам студент бар. Ғылыми база құрамында 52 зертхана жұмыс істейді. 2025 жылы ҒЗТКЖ көлемі 2,8 млрд теңгеге жетіп, оның 1 млрд теңгесі кәсіпорындардың тапсырысы болды. Коммерцияландыру нәтижесінде «Сақтау» антикоррозиялық жабыны өндіріліп, 1 млрд теңгеден астам өнім шығарылды. Сонымен қатар, университетте 43 коммерцияландыруға дайын жоба бар. Бұл жұмыстардың барлығы QarTech хабы аясында жүзеге асуда. Хаб тау-кен, металлургия, жаңа материалдар, цифрландыру және экология бағыттарын қамтиды. 2025 жылдың соңында 100 маман оқытылып, 10 стартап іске қосылды, 400-ден астам адам қатысқан форум өтті. 2026 жылы жаңа зертханалар мен өндірістік орталықтар ашу жоспарланған. Хаб кәсіпорындарға ғылыми зерттеу, технология енгізу және кадр даярлау бойынша толық қолдау көрсетеді. QarTech – ғылым мен өндірісті біріктіріп, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін тиімді алаң, – деді Сауле Сагинтаева.
Бүгінде QarTech нақты нәтижелер көрсетуде: университеттің 100-ден астам қызметкері біліктілігін арттырды, 120 ғалым инновациялық кәсіпкерлікке оқытылды. Сонымен қатар, 10 стартап инкубациядан өтіп, 8 жоба акселерацияланды. Екі өнеркәсіптік хакатон ұйымдастырылып, өңірлік инновациялар форумына 400-ден астам адам қатысты.
«Казпромавтоматика» ЖШС техникалық директоры Дмитрий Лепехов өнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізу жайын қозғады. Ал, CardiffUniversity Kazakhstan басқарма мүшесі Талғат Жүсіпбек халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды.

– Компания өнеркәсіп саласында 21 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, осы кезеңде ондаған ірі жобаны жүзеге асырған. Бүгінде кәсіпорын тау-кен, металлургия және өндірістің өзге де салаларында кешенді автоматтандыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта Қарағандыда жаңа инженерлік орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жоба аясында өндірістік және жинақтау учаскелері іске қосылған. Орталықты 2026 жылдың күзіне дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, оқу сыныптарын кеңейту көзделуде. Компания жоғары оқу орындарымен және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Негізгі бағыттарына кен байыту комбинаттарын автоматтандыру, металлургиялық зауыттарды диспетчерлендіру, байыту фабрикаларын және жерасты шахталарын басқару жүйелерін енгізу кіреді. Компанияның жобалары Қазақстанмен қатар ТМД елдері, Еуропа және Жапония нарығында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Суздаль кен орнындағы фабриканы автоматтандыру жобасы аяқталуға жақын. Цифрландыру аясындағы маңызды бағыттардың бірі – «Ақылды қала» жүйесін дамыту. Бұл бірыңғай цифрлық платформа қалалық қызметтерді біріктіріп, коммуналдық инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Қарағандыда бірыңғай диспетчерлік орталық құру жоспарланған. Ол су, жылу, электр және жарық жүйелерін біріктіріп, барлық қызметтердің жұмысын үйлестіреді, – деді «Казпромавтоматика» ЖШС техникалық директоры Дмитрий Лепехов.
2026 жылы хаб инфрақұрылымын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, лабораториялық-өндірістік кешен, технологиялық орталықтар және жаңа коворкинг алаңдары құрылмақ. Жалпы, Ғылым мен технологиялар жөніндегі Кеңес өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ, бизнес пен университет арасындағы тиімді байланысты нығайтуға бағытталған.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



