Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыдағы туристік нысандар жайлы шынайы ақпарат беретін қосымша ашылды

Елдің туристік келбеті ендігіде көз тартар көрікті мекендер мен ұлттық нақыш қана емес, жасанды интеллектпен жарақталған, BigData-мен сөйлейтін, әлемдік нарықта өзін цифрлық қабілетін шыңдай түсіп көркейе түспек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, цифрлық туризм сән емес, стратегиялық қажеттілік. QR-кодтармен жабдықталған сапаржай, сегіз тілде қызмет ететін веб-порталдар, нейрондық желілермен құрылған маршруттар, міне, отандық туризмнің бет-бейнесі осындай болмақ.

Коллаж Арайлым Коктаева

– Бүгінгі туризм тек жұмыс орындарын ұсынарлық әрі инвестицияларды ынталандыратын экономика саласы ғана емес. Сан түрлі мәдениеттер, аймақтар мен елдер арасындағы мызғымас көпір. Ал, жаһандық сын-тегеуріндер мен жылдам өзгеретін әлем жағдайында туризм әлеуметтік, аумақтық және технологиялық қуатты құралға айналуда. Туризмді цифрландыру енді тренд емес, керісінше, қажеттілік. Бұл – сандық  төлқұжаттарға дейін ақылды брондау жүйелері, жеке маршруттарды құрайтын нейрондық желілер. Технология туристік тәжірибені қайта қарастыруға және оны түбегейлі жаңа деңгейге шығаруға мүлтіксіз мүмкіндік береді, – деп ой тұжырды облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Еліміз цифрлы туризм бағытында нақты әрі батыл қадамдар жасап жатыр. Алғы кезекте Kazakhstan.travel туристік порталына мән бере кетсек, сегіз тілде жұмыс істейтін оңтайлы онлайн-платформа шетелдік және отандық саяхатшылар үшін туристік әлеуетті толыққанды  әрі көрнекі түрде ұсынады. Бір ғана сайт арқылы көрікті жерлер, түрлі бағыттар, қызметтер мен оқиғалар туралы ақпарат алу мүмкіндігі – бұрын-соңды болмаған қуанышты жаңалық. Ал, туристік ағынды нақты әрі ашық есепке алуға септік ететін eQonaq жүйесі – саладағы сапаның нышанындай әсер қалдырады. Қонақтарды тіркеу ісі ендігіде қағазбастылықтан арылып, сандық платформа арқылы жүргізіледі.
Одан бөлек, аймақтық туристік чат-боттар – жасанды интеллект негізінде WhatsApp-та тәулік бойы жұмыс істейді. Қайда бару керек? Қайда тоқтаған тиімді? Қайда тамақтануға болады? Бәрі – бір сұрақ, бір жауап, бір сәтте жол жөнекей жүзеге аса береді. Бір жарқын мысал. Қарағандыда туристерге арналған qazeli.kz қосымшасы іске қосылды. Соны сандық сервис қонақүйлер мен демалыс орындарын брондауды, экскурсия жетекшілері мен туристік агенттіктердің ұсыныстарын біріктіреді. Барлығы ыңғайлы әрі ашық: бір батырмамен маршрутты таңдап, баспана не қажетті экскурсияға тапсырыс беруге, өңірдегі туристік нысандар туралы шынайы да нақты ақпарат алуға болады. IT-жобаның бастамашылары бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің грантын иеленген.

– Біз Қазақстандағы туризмді бір батырмамен қолжетімді ететін платформаны құруға кірістік. Жүйе қолдануға жеңіл, бронь жасауға ыңғайлы және төлем жасауға қауіпсіз. Ең бастысы, пайдаланушылар да, турагенттер де нақты ақпарат алады. Демек, қазақстандықтардың саяхаттан ләззат алуына жағдай жасайды, – деді «R-TOUR.KZ» ЖШС директоры Рустам Бикбаев.

Оның айтуынша, қосымшаны әзірлеуде жасанды интеллект қолданылып, 50-ден астам халықаралық туристік сайт сарапталған. Түп нәтижесінде отбасылық сапарларға ең тиімді шешімдерді таңдауға мейлінше мүмкіндік берген.

– Көпшілігі бронь жасау кезінде балалардың тұру ақысы дұрыс есептелмеу секілді мәселеге тап болады.
Біз үш жас санатын енгізіп, бағаны төмендетуге және нөмірлердің нақты жүктемесін ескеруге жағдай жасадық. Мұндай теңгерімді тәсіл пайдаланушылар үшін тиімді әрі «2+2» жаңа сегментін ашады да,
мұнда балалар үшін қайта есеп жүргізіледі, – деп түсіндірді спикер.

Қызмет арқылы Балқаш пен Қарқаралы сияқты өңірдің бірегей туристік бағыттары мен кластерлері
 ілгерілетілмек. Бүгін біз Kazakhstan. travel-ден бастап, qazeli.kz сынды отандық өнімдер арқылы жаңа
дәуірдің есігін ашып отырмыз. Жасанды интеллект жолаушының жолсерігіне, деректер шешімнің діңгегіне айналды. eQonaq – елге келген әр мейманды құрметпен қарсы алар электронды иелік. Турист ендігіде
бөгде бір бейтаныс кісі емес, ортақ кеңістіктің қадірлі қонағы. Ал, әрбір QR-код киелі мекеннің көркем шежіресіне бастар кілт іспетті. Түлеген туризм енді демалыс қана  емес, дегдар дипломатия, даму, дархан даланың цифрлық дастаны.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button