Қарағандыдағы «Шахтёр» стадионында алаңды жылыту жүйесі сынақтан өтті
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, “Шахтёр” стадионында футбол алаңын жылыту жүйесі тестілік режимде тексерілді. Жүйенің негізгі элементтерін алаң астына тартылған шамамен 40 шақырым құбыр мен 26 тонна антифриз құрайды. 1954 жылы салынған спорт нысаны ұзақ уақыт бойы жаңғыртуды қажет етіп келген. Ауқымды модернизация өткен жылы басталып, биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба аясында трибуналар, прожекторлық жарықтандыру жүйесі және стадион тостағаны жаңартылады.

Жұмыс барысын Ермағанбет Бөлекпаев тексерді. Оған алаңды жылытуға арналған жаңа жүйе таныстырылды. Бұл технология көгал жамылғысын сақтауға мүмкіндік беріп, суық мезгілде де жаттығулар мен матчтарды өткізуге жол ашады. Стадионды қайта жаңарту кезең-кезеңімен жүргізілуде.
«Шахтёр» КМҚК директоры Нұрлан Рыстиннің айтуынша, өткен жылы алаң астындағы 50 сантиметрлік негіз толықтай ауыстырылып, сұйықтықпен жылыту жүйесі орнатылған. Сондай-ақ жеке жылу пунктіне дейін жылу трассасы тартылған. Алаң астына Германияда өндірілген жоғары берікті полимер құбырлар төселіп, олардың жалпы ұзындығы 39,5 шақырымды құрайды. Жылу тасымалдағыш ретінде 26,5 тонна аязға төзімді антифриз қолданылады.

Қазіргі уақытта жүйені сынақтан өткізу жұмыстары басталды. Мамыр айында Италияда өндірілген жасанды көгал төсеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар стадион инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда. Жаз айларында ағылшындық жаңа прожекторлық жарықтандыру жүйесін орнату, жүгіру жолдарына тартан жабынды төсеу, дыбыс жабдықтарын жаңарту, трибуналарға шатыр орнату, кіреберіс топтарын жөндеу және жанкүйерлер орындықтарын ауыстыру көзделген.
Орталық аренаны толық жаңарту жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Стадионда ауыр атлетика залы да жаңартылды. Бұл нысан бұрын-соңды жөндеу көрмеген. Жөндеу барысында шатыр, жылу, су және желдету жүйелері ауыстырылып, жаттығу құрылғылары ішінара жаңартылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта жасалды.
Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Стадионды жаңғырту жұмыстарымен бір жылға жуық уақыттан бері айналысып келеміз. Ең бастысы — біздің климатты ескере отырып, алаңның негізі мен жылыту жүйесін дұрыс жасау. Жүйе сынақтан сәтті өтті. Жазда көгал төсеу, ал толық жаңартуды күзде аяқтау жоспарланып отыр. Негізгі мақсат — спортшыларға заманауи жағдай жасап, жанкүйерлерге қолайлы орта қалыптастыру, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



