Білім

Қарағандыдағы педагогикалық түзету кабинеті 180 балаға жаңа мүмкіндік сыйлайды

Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді көмек көрсететін психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің ашылғанына биыл жиырма жыл толды. Екі онжылдық ішінде бұл орталық жүздеген балаға жаңа мүмкіндік сыйлап, олардың өмірге бейімделуіне, әлеуметке араласуына жол ашып келеді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Қалалық білім басқармасының қарамағындағы бұл ұйым бүгінде 18 маманнан тұратын кәсіби ұжым. Мұнда дефектолог, логопед, психолог, тифлопедагог, сурдопедагог, әлеуметтік педагог және дене шынықтыру мұғалімдері бар. Әрқайсысы өз бағыты бойынша ерекше балалардың жеке даму бағдарламасымен кешенді көмек көрсетеді. Жыл сайын шамамен 180 бала орталық қабырғасында дамуындағы қиындықтарды жеңіп, өз әлеуетін ашады.

– Біз үшін әр бала – жеке тұлға, жеке әлем. Мақсатымыз – оның мүмкіндігін шектеу емес, мүмкіндігін кеңейту. Психологиялық және педагогикалық түзету – ұзақ әрі нәзік процесс. Бұл тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен қатар, рухани төзімділікті талап етеді. Бала дамуындағы кез келген жетістік – ұжымның ортақ жеңісі, – деді мекеме директоры  Шолпан Никомбаева.

Соңғы үш жылда кабинет жаңа ғимаратқа көшіп, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұнда инватакси қызметі, сенсорлық бөлме, логопедтік аймақ және арттерапиялық кеңістік бар.
Мерейтой аясында мамандардан бөлек, аймақтың әр өңірінен келген тәжірибелі педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Ерекше баламен жұмыс істеу – тек педагогикалық үдеріс емес, бұл рухани жауапкершілік пен моральдық ұстын. Әр жетістік – баланың когнитивтік, эмоционалдық және коммуникативтік дамуының жаңа сатысы. Педагог баланың танымдық белсенділігін арттыру үшін инклюзивті білім беру, психокоррекциялық әдістер, сенсорлық интеграция, эмоциялық интеллектіні дамыту технологиялары секілді заманауи тәсілдерді қатар қолдануы тиіс, – деді деді Саран қаласындағы «Аленушка» балабақшасының педагогпсихологы Гаухар Мырзахметова.

Психологтың айтуынша, ерекше бала – тұтас отбасының тағдыры. Сол себепті ата-анамен серіктестік қағидасын сақтау маңызды. Үй мен орталық арасындағы сабақтастық баланың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде осы салада қызмет қылатын мамандардың жүйелі еңбегі мен бір-бірімен тәжірибе алмасуы өңірдегі инклюзивті білім беру жүйесінің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, педагогтер арттерапия, логопедиялық жаттығулар, музыка және сенсорлық даму бағыттарында шеберлік сабақтарын (мастеркласс) өткізді. Әр маман өз әдістемесін көрсетіп, тыңда- ушыларға тәжірибелік материалдар ұсынды.
ППТК жұмысының негізгі қағидаты – кешенді көмек. Мұнда әр балаға жеке даму бағдарламасы әзірленеді, сабақтар жеке, кіші топтық және топтық форматта өтеді. Мамандар баланың психофизикалық жағдайын жүйелі бақылап, даму динамикасын бағалайды.
Орталықтың ерекшелігі – ерте араласу мүмкіндігі. Яғни, дамуында қиындық байқалған сәттен бастап, атаана кәсіби кеңес алып, оңалту сабақтарын дер кезінде бастай алады. Бұл тәсіл баланың әлеуметтену үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, кейінгі оқу жетістіктеріне де оң әсер етеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button