Қарағандыдағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында гуманитарлық пәндер кафедрасының дәстүрлі онкүндігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тағылымды іс-шараларымен ерекшеленді. Онкүндік жоспарына сәйкес, алғашқы күні ашық сабақтар мен салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Ашық сабақтар барысында «Адал азамат» құндылықтары кеңінен насихатталып, оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Ашылу салтанатында жыл көлемінде аталып өтетін атаулы даталар қамтылып, тарихи қойылым көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты шарада мектеп директоры Қымбат Оспанова сөз сөйлеп, биылғы оқу жылының маңыздылығына, тарих пен әдебиеттің өзара сабақтастығына, мемлекеттік тілді құрметтеудің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
Гуманитарлық пәндер кафедрасының жетекшісі Әсел Тойымбекованың бастамасымен әдебиет пен тарих пәндері бойынша түрлі тақырыптағы ашық сабақтар мен тағылымды кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Толқын Асқарбаева мен Сандуғаш Сембаева ұйымдастырған «Жыр жолындағы ғұмыр» атты ақын Сұлтан Дәулетханұлымен кездесу кеші оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Ахметжанова Құралайдың жетекшілігімен өткен «Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету» қағидасы бүгінгі қоғамда басым болуы керек» тақырыбындағы дебат оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, «Өнегелі өмір» жобасы аясында Асылтас Рахимова, Балғын Дақынова, Гүлзат Ахметова ұйымдастырған «Ғылымның ұмытылмас тарланы» атты ғылыми-танымдық кездесу өткізілді.
Жас ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауға арналған «Ақыл алаңы. Battle Edition» жас мамандар сайысы Зибагүл Нұрлыбаева, Жұлдыз Жүнісова, Айжан Мұқашева ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.

Онкүндік барысында оқушылардың шығармашылық қабілеті мен пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Батырхан Аяухан мен Нұрасыл Нұрымбекқызы жетекшілік еткен «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі» атты музыкалық-тарихи әндер сайысы ұлттық өнер мен тарихты ұштастыра білді. Айжарқын Іңкәрбекова мен Сабина Бәкірова ұйымдастырған «Әдеби монополия» сайысы оқушылардың әдеби білімін жетілдірсе, Дана Амантаева мен Айдана Тутаева өткізген «Білгенге маржан» сайысында оқушылар мақал-мәтелдер арқылы сөз сайыстырды.
Ал, Жанар Құсайынның ұйымдастыруымен өткен «Мен оқыған бір кітап» READx форматындағы іс-шарада оқушылар оқыған шығармалары бойынша ой бөлісіп, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін шыңдады.
Онкүндік аясындағы барлық іс-шаралар бастауыш сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі білім алушыларды толық қамтып, жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылды. Гуманитарлық пәндер кафедрасының әрбір мұғалімі оқушыларды біліммен ғана емес, рухани байлықпен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге зор үлес қосты.

Жабылу салтанатында белсенді қатысқан оқушылар марапатталды.
Осылайша, гуманитарлық пәндер кафедрасының онкүндігі шығармашылық ізденіс пен тәрбиелік мәні зор жұмыстардың жарқын көрінісіне айналып, оқушылардың жан-жақты дамуына және ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Махаббат ДОСАНОВА,
Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қарағанды



