Қарағандыдағы Мәуліт мерекесінде ұмра жолдамасының жеңімпазы анықталды
Мәуліт айы – адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) туған айы. Соған орай ҚМДБ-ның Қарағанды облысы өкілдігі Кеншілер мәдениет сарайында «Жүректердің шамшырағы – Мейірім Пайғамбары Мұхаммед (с.а.с.)» атты рухани мәуліт кешін өткізді.

Рухани кештің шымылдығын «Әнет баба» мешітінің ұстазы Бауыржан Мейімбекұлы Қасиетті Құран аяттарын оқумен ашты.
Дұға оқылып, бата жасалғаннан кейін ақ жаулықты әжелер шашу шашып, кештің көркін қыздырды.
Елордадан келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан арнайы келген Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейтбеков жиналған қауымға уағыз айтып, Бас мүфтидің құттықтау сәлемін жеткізді.
Кеш барысында «Шаңырақ» театры «Қажылық», «Ажырасу», «Отбасы бөлмесі» сынды қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткен қойылымдарды сахналады.
Сонымен қатар, текті сөздің төресі термеге кезек беріліп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов пен биылғы «Күміс домбыра» иегері, айтыскер ақын Нұрмұхамед Байсүгір көрермендерді тебірентіп терме орындады.
Мәуліт кешінің ең мерейлі мезетінде Дидар Қами «Мәуліт жырын» оқыды. Пайғамбарымызға салауаттар айтылды.
Жылда жалғасқан дәстүр бойынша 10 мұқтаж адамға Мәуліт сыйы ретінде қаржылай қолдау көрсетілді.
– Біз діни басқармамен бірлесіп, Мәуліт кешін дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Дін мен дәстүр ұғымы бағзыдан құстың қос қанатындай қатар жүреді. Халқымыздың салт-санасын жаңғыртып, әрі ардақты пайғамбарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара көрермендерге титтей де болса әсер қалдырып, рухани серпін берді деп ойлаймыз, – деді ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, Әнет баба мешітінің бас имамы Естай Айтуғанұлы.
Кеш соңында рухани іс-шараға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлердің қолдауымен көрермендер арасында билет нөмірі бойынша кіші қажылыққа жолдама ойнатылды.
Қорыта айтқанда, санаға сәуле, жүрекке жылу құятын Мәуліт айын Арқа жұрты жыл сайын сағынышпен күтіп, айрықша ықыласпен қарсы алады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»