Қарағандыдағы «Фитохимия» холдингінің ботаникалық бағы ерекше қорғалатын аумақ қатарына енеді
Еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар қатары тағы бір объектімен толығуы мүмкін, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ашық НҚА порталында жарияланған «Ерекше қорғалатын аумақтар туралы» Үкімет қаулысының мазмұны 67-1 жолымен толыққан. Яғни, онда енді Қарағанды қаласындағы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің ботаникалық бағы айрықша қорғалатыны жазылған.
«Жобаның мақсаты – эндемикалық, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдік түрлерінің коллекциясын жасау, оларды фармакогностикалық және онтогенетикалық зерттеу үшін «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ның жалпы ауданы 25,7 га жер учаскелерін республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне енгізу», – деп түсіндірме берілген қаулыға.
Құжат 29 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.